Categories Жайық news

Эверестті бағындырған тұңғыш қазақстандық «Еңбек Ері» атанды

Аты аңызға айналған альпинист Ерванд Ильинскийге ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Марапатты Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі табыстады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы еліміздің альпинизм мектебінің негізін қалаған тұлғамен кездесуге қуанышты екенін айтып, оның Қазақстан спортындағы ерен еңбегін ерекше атап өтті.

– Өзіңіздің зор қажыр-қайратыңыз бен аса жоғары кәсібилігіңіздің арқасында Қазақстан Республикасының көк Туы Жер шарының асу бермес асқарларында желбіреді. Әлемнің ең биік нүктелерін бағындырған тәжірибелі шыңға өрмелеуші, халықаралық турнирлердің жеңімпазы ретінде дүние жүзіне даңқыңыз жайылды. Эверестке шығып, беделді «Жеті шың» клубына мүше болған алғашқы қазақстандық атандыңыз. Сізді елімізде альпинизм мектебінің негізін қалаушы ретінде құрметтейді. Отандық мектеп Қазақстанның жаһандық брендіне айналды. Талап пен тәртіпті қатар қоятын талантты бапкерден бір шоғыр альпинист-спортшылар тәлім алды. Олардың қатарында әлем рекордын жаңартқан, чемпион атанған, халықаралық альпинизм қозғалысының элитасына кірген мықтылар баршылық. Бапкерлікпен шұғылданған уақыт ішінде жүзден астам спорт шеберін даярладыңыз. Шәкірттеріңіздің арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, тіпті, еңбек сіңірген спорт шеберлері де бар. Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан құрамасы әлемде бірінші болып биіктігі 8 мың метрден асатын барлық 14 шыңға шықты. Бұл – бірегей жетістік. Спортшыларымыз альпинизмнің сіз қалыптастырған даңқты дәстүрін жалғастырып, көптеген халықаралық сайыстан табысты оралып жүр, – деді Президент.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Астанада едені тесік автобус жүргізушісі жолаушылар тасымалдаған

Астана тұрғыны жолаушылар автобусының еденіндегі тесікті байқап, бейнежазбаны Threads әлеуметтік желісінде жариялады.

БҚО-да «Ұлы өнердің ұлы арнасы» атты республикалық байқау өтті.

Қасиетті домбыраның үнімен дүйім жұртты тәнті еткен республикалық домбырашылар байқауының күй астанасы ауданымызда өткені мерейімізді…

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ: BATYS AGROHUB ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ – БАРЛЫҚ АУДАНҒА ҮЛГІ БОЛАРЛЫҚ БЕРЕКЕЛІ БАСТАМА

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бөрлі ауданына жұмыс сапары аясында Пугачево ауылындағы агробизнес орталығына барды. Batys…