Categories Қаржы

IT саласына арналған салық жеңілдіктері 2045 жылға дейін ұзартылуы мүмкін

Сурет: alfa.kz

Қазақстанда IT саласын қолдау шаралары ұзақ мерзімге жалғасуы ықтимал. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Astana Hub қатысушыларына берілетін салықтық жеңілдіктерді 2045 жылға дейін сақтау мәселесін қарастыруда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство бұл бастаманы экономиканы цифрлық трансформациялау стратегиясы аясында жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Осыған орай Astana Hub резиденттерін қолдаудың 2028 жылдан кейінгі параметрлері әзірленіп, оларды 2045 жылға дейін ұзарту көзделген.

Министрліктің мәліметінше, бұл бастама Қазақстанның өңірлік IT-орталық ретіндегі позициясын нығайтып, технологиялық компаниялар үшін тұрақты әрі бәсекеге қабілетті бизнес-орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді жоспар жасанды интеллект саласындағы жаһандық үрдістерді, экспорттық әлеуетті кеңейтуді және жоғары технологиялық инвестицияларды тартуды ескереді.

Ведомство Astana Hub цифрлық экономиканы дамытудағы тиімділігін дәлелдегенін атап өтті. Сондықтан алдағы міндеттердің бірі – қол жеткізілген нәтижелерді сақтап қана қоймай, IT-компанияларға ұзақ жылдарға арналған даму жоспарын құруға жағдай жасау.

Қазіргі таңда Astana Hub экожүйесінде 2 268 компания тіркелген. Хаб аясында 35 мың жоғары білікті жұмыс орны ашылып, 438 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Сонымен қатар отандық IT-шешімдердің экспорт көлемі 1,9 млрд долларға жеткен.

Қазір министрлік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың қатысуымен қолданыстағы қолдау тетіктерін талдап, оларды жетілдіру бағытында жұмыс жүргізуде. Негізгі басымдықтар қатарында инновациялық ортаны дамыту, адами капиталды күшейту және жасанды интеллект саласындағы озық технологияларды енгізу бар.

Мамандардың пікірінше, Astana Hub-ты дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы Қазақстанды технологиялық бизнес үшін әлемдегі ең тартымды елдердің біріне айналдыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болмақ.

Ұқсас жазбалар

Докторантураға түсуге құжат қабылдау басталды

Қазақстанда 2 шілдеден бастап докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау басталды. Құжаттарды 3 тамызға дейін тапсыруға…

Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 9,6%-ға өсті

2025 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 9,6%-ға артып, 4 894-ке жетті. Ең көп кооператив…

Қаржы министрлігінде жаңа Конституция құндылықтарына арналған велошеру өтті

Қаржы министрлігінде орталық аппарат, комитеттер және ведомстволық ұйымдар қызметкерлерінің қатысуымен велошеру мен тимбилдинг ұйымдастырылды.