Categories Саясат

Қазақстандық жас математиктер Балқан олимпиадасында әлемнің үздік бестігіне енді

Сурет: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанның жас математиктері халықаралық білім додасында ел абыройын асқақтатты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Румынияның Бузэу қаласында өткен Жасөспірімдер арасындағы Балқан математикалық олимпиадасында (Junior Balkan Mathematical Olympiad, JBMO) ұлттық құрама жоғары нәтиже көрсетіп, әлемнің ең мықты командаларының қатарынан көрінді.

2026 жылғы 15-20 маусым аралығында өткен жарысқа 23 мемлекеттен 140-қа жуық оқушы қатысты. Қазақстан құрамасының алты оқушысының барлығы жүлдегер атанып, 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль алды. Командалық есепте қазақстандықтар Румыния, Болгария және Франциядан кейінгі төртінші орынды иеленді.

Алтын медальдарды Алматы қаласындағы Nurorda мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Айсултан Омар мен Маңғыстау облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Сұлтан Төребек жеңіп алды. Күміс жүлдеге Алматы қаласындағы NIS-тің 9-сынып оқушысы Арнұр Кәрібай және РФММ-нің 9-сынып оқушысы Темір Оразбек ие болды. Қола медальдарды Түркістан облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ілияс Дінмұхамедұлы мен Павлодар қаласындағы № 8 лицей-мектебінің 10-сынып оқушысы Алихан Куракбаев алды.

Ұлттық құраманың халықаралық олимпиадаға қатысуын халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Марат Нсанбаев пен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының маманы Перизат Саутбекова үйлестірді.

Жасөспірімдер арасындағы Балқан математикалық олимпиадасы — 16 жасқа дейінгі оқушыларға арналған беделді жарыс. Қазақстан бұл білім бәйгесіне 2004 жылдан бері тұрақты қатысып, жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Ұқсас жазбалар

Ермек Көшербаев Иран көшбасшысымен қоштасу рәсіміне қатысты

Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеймен қоштасу рәсіміне қатысты.

Орталық сайлау комиссиясы саяси партияларға арналған семинар өткізді

Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында саяси партия…

Бизнестің ұсыныстары «Әділет» партиясы өнеркәсіптік саясатының өзегіне айналады

Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерге қолдау…