Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанадағы «Қазанат» ипподромында 11-12 шілде күндері қымызға арналған «BaiQymyz – бапталған қымыз ұлттық тағамдар гастрофестивалі» атты халықаралық мәдени-аграрлық іс-шара өтеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Фестиваль қазақтың дәстүрлі тағам мәдениетін, әсіресе қымыз өндіру дәстүрін жаңғыртып, халықаралық деңгейге шығаруды мақсат етеді. Шараға 60-70 мың адам келеді деп жоспарланған.
Еліміздің әр өңірінен және Қырғызстан мен Ресейдің Саха Республикасынан 60-қа жуық қымыз өндіруші қатысады. Фестиваль Октоберфест сияқты халықаралық мәдени-аграрлық брендке айналуы көзделген. Қонақтар екі күн бойы қымыздың түрлерінен дәм татып, жылқы тұқымдары көрмесін тамашалап, этно-мәдени бағдарламаларға қатыса алады.
Фестивальдің басты ерекшелігі – халықаралық «Ең үздік қымыз» байқауы. Жүлде қоры 45 миллион теңгені құрайды. «BaiQymyz-2026», «Ем қымыз» және «Халық таңдауы» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталады. Оларға қаржылай сыйлықтар, арнайы кубоктар мен бағалы марапаттар беріледі. Бас жүлде – автокөлік.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестиваль аясында қазақтың жабы, мұғалжар, қостанай, көшім және адай тұқымды жылқыларының көрмесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ асыл тұқымды жылқылар аукционы өтеді, 30-ға жуық жылқы сатылымға шығарылады. Қонақтар ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесін көреді, онда зергерлік бұйымдар, былғары және ағаш бұйымдары, ат-әбзелдері мен жылқы мәдениетіне қатысты заттар ұсынылады.
Фестивальде Қазақстанның танымал суретшілері – Жұмақын Қайрамбаев, Досбол Қасымов, Сембіғали Смағұлов, Геймран Баймұханов, Дәурен Қастеев және басқалардың шығармашылық көрмесі өтеді. Көрме барысында өнер туындыларының жабық форматтағы аукционы ұйымдастырылады.
Мәдени бағдарламада Sadraddin, Қазыбек Құрайыш, Ғазизхан Шекербек, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, Жұбаныш Жексен, Қайрат Баекенов пен «Format» тобы, Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина және басқа да өнер иелері өнер көрсетеді.
Сондай-ақ көкпар, аударыспақ, қыз қуу, ерлер және әйелдер бәйгесі, тазылар жарысы, балалар Rodeo-сы, шөген (polo), ат үстіндегі квиддич, конкур және басқа да ұлттық және заманауи спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
Ұлттық руханиятты насихаттау үшін арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылады. Онда жылқы шаруашылығы, қымыз өндіру, ұлттық тағамдар, көшпенділер өркениеті, этнография және балалар әдебиеті бойынша кітаптар ұсынылады.
Мазмұнға өту
