Орал қаласында ауыз суды залалсыздандырудың заманауи технологиясы кезең-кезеңімен енгізілуде. «Батыс су арнасы» кәсіпорны жерасты су көздерінде жаңа жүйені орнату және сынақтан өткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл тәсіл бұрынғы сұйық хлормен өңдеу әдісін алмастырады. Мамандардың айтуынша, дәстүрлі хлорлау кезінде су құрамында адам денсаулығына зиян келтіретін хлорорганикалық қосылыстар түзілуі мүмкін.
Жаңа жүйені енгізу облыс және қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Технология судың сапасын арттырып қана қоймай, құбырдың ішінде қалыптасатын биоқабатты толық тазартып шығуға мүмкіндік береді.
Биоқабатты жою кезінде судың түсі бұлыңғырланып, иісі өзгеруі ықтимал. Бұл – жүйе толық тазарғанша байқалатын уақытша жағдай. Процесс екі-үш айға, кейде төрт айға дейін созылуы мүмкін.
Осы аралықта тұрғындарға суды ішер алдында қайнатып қолдану ұсынылады. Жұмыстар аяқталғанда қалаға берілетін ауыз судың сапасы санитарлық талаптарға толық сәйкес болмақ.

