Сурет: Электрондық сауда порталы
Сотталған блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың курсын сатып алушылар арасында ұтысқа тігілмек болған 8 автокөлігі тәркіленіп, мемлекеттік органдардың иелігіне өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Электрондық сауда порталындағы мәліметке сәйкес, бұл саудаға тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар ғана өтінім бере алған. Сейсенбі күні кешке сауданың мәртебесі «өтті» деп өзгертілді.
2025 жылы шығарылған Hyundai Elantra маркалы 8 автокөліктің барлығы мемлекеттік органдарға берілді. Сауда сипаттамасында өтінімді құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президенттің, саяси мемлекеттік қызметшілер мен депутаттардың қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар бере алғаны көрсетілген.
Жеті көліктің әрқайсысы 8 395 000 теңгеге бағаланса, бір автокөліктің құны одан 5 мың теңгеге төмен болған. Көліктер сотталған Эльмира Төлегенова құрылтайшысы болып саналатын «Zhana Business» ЖШС-нің атына тіркелген.
Еске салайық, Ерболат Жанабыловқа мүлкі тәркіленіп, 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылып, жазаны өтеу кейінге қалдырылды. Блогерлер мемлекетке келтірілген 247 653 229 теңге көлеміндегі материалдық шығынды толық өтейді. Оларға 27 сәуірде Астана соты үкім шығарды.

