Сурет: Egemen Qazaqstan
Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық Соттың бүгінгі түсіндірмесі таза нормативтік-құқықтық сипатқа ие екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, бұл жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты туындаған рәсімдік мәселелерге берілген құқықтық жауап. Атап айтқанда, 1 шілдеден бастап конституциялық нормадағы бір реттік өкілеттік мерзім талабы қолданылатын лауазымды тұлғалар тағайындалуға тиіс: Жоғарғы Соттың Төрағасы, Бас Прокурор, Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьялары.
Ерлан Қарин бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норманы қазіргі іс басындағы лауазымды тұлғаларға қолдану керек пе, әлде олардың қайта тағайындалуына мүмкіндік бар ма деген сауал туындағанын айтты. Конституциялық Соттың түсіндірмесі бойынша, бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норма жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті лауазымдарға тағайындалған адамдарға ғана қолданылады. Құқықтық реттеудің бірізділік қағидатына сәйкес, бұл норма қазіргі Президентке де қатысты.
Ол Президенттің жеті жылдық бір ғана мерзімге сайлануы туралы ереже мемлекеттің Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны секілді мүлдем өзгермейтінін атап өтті.
Ерлан Қариннің сөзінше, конституциялық нормалардың бұл түсіндірмесі қандай да бір тұлғаның автоматты түрде тағайындалатынын немесе сайланатынын білдірмейді. Ол тек тиісті тұлғаның сайлауына немесе тағайындалуына құқықтық мүмкіндігі бар екенін айқындайды. Осылайша, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес бүгін Мемлекет басшысы Бас Прокурорды тағайындады.
Конституциялық Соттың бүгінгі шешімі – жаңа мемлекеттік-саяси модельді қалыптастырумен байланысты ауқымды үдерістің кезекті бір бөлігі. Қазіргі таңда жаңа институттарды іске қосу бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда: Құрылтай сайлауы тағайындалды, саяси партиялар съездерін өткізуде, сондай-ақ «Қазақстан Халық Кеңесі» хатшылығын құру туралы Жарлыққа қол қойылды.

