Categories Қоғам

Жасанды интеллект дәуіріндегі конституциялық кепілдіктер: Қазақстан азаматтарының деректерін қорғаудың жаңа кезеңі

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы азаматтардың жеке деректерін қорғауды мемлекеттің басты басымдықтарының бірі ретінде бекітті. Енді әр адамның жеке өмірінің қолсұғылмаушылығына және жеке ақпараттың заңсыз жиналуынан, өңделуінен, пайдаланылуынан немесе сақталуынан қауіпсіздігіне құқығы Конституцияның 21-бабымен кепілдендірілген. Бұл жаңашылдық Қазақстанның озық цифрлық мемлекет ретінде қауіпсіз дамуы үшін берік құқықтық негіз қалайды.

Қабылданған өзгерістердің стратегиялық маңызын Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атап өтіп: «Жасанды интеллект дәуірінде азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау — цифрлық мемлекетке деген сенімнің іргелі шарты. Бұл нормалардың конституциялық деңгейде бекітілуі қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды сапалық жаңа деңгейге көтереді және жаңартылған Конституция технологиялардың тек адам игілігі үшін қызмет ететініне, ал заңның цифрлық әлемде әрбір азамат үшін сенімді қалқан болатынына кепілдік беретін қауіпсіз әрі әділ қоғам құруға жол ашады» — деді.

Жаңа конституциялық қағидаттарды кешенді іске асыру Цифрлық кодекс, Дербес деректер туралы заң және Жасанды интеллект туралы заң нормаларында көрініс табады. Атап айтқанда, жеке деректердің өзіндік ұғымын оған идентификаторларды қосу арқылы заңнамалық тұрғыдан нақтылау қарастырылған. Сонымен қатар, ақпаратты автоматтандырылған өңдеуге қатаң талаптар енгізу, сондай-ақ азаматтарға eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы деректерді өңдеуге берген келісімін кез келген уақытта қайтарып алу мүмкіндігін беру көзделеді.

Мемлекеттік және жеке платформалардың қауіпсіздігін түбегейлі арттыру үшін 100 мыңнан астам қолжетімділігі шектеулі дербес деректер жазбасын өңдейтін операторлар үшін міндетті биометриялық аутентификация енгізілді. Азаматтарға жеке ақпаратты жою, анонимдеу және өңдеуді шектеу құқықтары ресми түрде бекітілді, сондай-ақ өңдеу мақсаттарына қол жеткізілгеннен кейін оны сақтау мерзімдеріне қатаң талаптар қойылды.

Заңнаманы одан әрі дамыту дербес деректерді қорғаудың ең заманауи технологиялық құралдарын, соның ішінде жасыру және хэштеу құралдарын енгізуді көздейді. Мемлекет ақпараттық жүйелер арасындағы қауіпсіз интеграцияға басымдық бере отырып, мемлекеттік дерекқорлардан ақпарат жиынтығын тікелей жүктеп алуды шектеуге ниетті.

Бұдан бөлек, елімізде дербес деректердің ірі операторларына нақты жіктеу енгізіліп, олардың тізілімі жасақталуда. Операторлар енді деректерді өңдеу процестері басталғанға дейін мемлекетті алдын ала хабардар етуге, сондай-ақ қауіпсіздік инциденттері мен деректердің сыртқа кету фактілері туралы уәкілетті органды және азаматтарды дереу хабардар етуге міндетті.

Ұқсас жазбалар

Табиғатқа жанашырлық алғаш рет конституциялық міндетке айналды: еліміздің жаңа Ата Заңы күшіне енді

Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енді. Бұл құжат мемлекет, қоғам және әрбір…

Мәди Такиев: Қаржы жүйесімен бірге мемлекеттік басқару тәсілі де өзгеріп жатыр

Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік қаржы жүйесінің жаңа моделі, бюджеттік тәртіп және цифрландыру туралы сұхбат…

Биыл елімізде 13 мыңнан астам адамды кене шаққан

Биыл елімізде 13 мыңнан астам адамды кене шаққан. Денсаулық сақтау министрлігі көктем шығып, күн жылынғаннан…