Сурет: Egemen Qazaqstan
Премьер-министр Олжас Бектенов пен Германияның федералды экономика және энергетика министрі Катерина Райхе экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде экономика, инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика және аса маңызды минералдар салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Олжас Бектенов Қазақстан үшін Германия Еуропалық Одақтағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестердің бірі екенін атап өтті. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германиямен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін жеткізді. 2025 жылы өзара сауда көлемі $4,4 млрд-қа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,5%-ға артқан. Алдағы кезеңдегі басты міндет – дәстүрлі сауда-инвестициялық ынтымақтастықты өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға айналдыру.
Премьер-министр CLAAS және Horsch компанияларының Қазақстандағы ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласындағы тәжірибесін атап өтіп, бұл өндірісті кезең-кезеңімен локализациялау моделінің тиімділігін көрсеткенін айтты. Бұл модель өнеркәсіптің басқа салаларына да енгізілуі мүмкін.
Катерина Райхе Қазақстанның даму серпініне оң баға беріп, екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуеті зор екенін атап өтті. Германия тарапы өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша практикалық өзара іс-қимылды дамытуға мүдделі.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және жаңа жобаларды іске қосу жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.
2026 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстан мен Германия арасындағы сауда көлемі $1,4 млрд-қа жетіп, 2025 жылғы көрсеткіштен 5,9%-ға артқан. 2005 жылдан бері Қазақстанға шамамен $7,8 млрд герман инвестициясы тартылды. Өткен жылы Германиядан инвестиция 28,5%-ға өсіп, $700 млн-ды құрады. Елімізде герман капиталының қатысуымен 1100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, 23 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

