Сурет: Egemen Qazaqstan
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзеге І дәрежелі «Достық» орденін табыстады. Марапаттау рәсімінде Президент Кобахидзені еліміздің досы, көреген көшбасшы және өз ісіне берілген мемлекет қайраткері деп атады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ираклий Кобахидзенің тегеурінді басшылығының арқасында Грузия ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізіп, азаматтарының әл-ауқатын арттырып келеді. Сондай-ақ халықаралық беделін нығайтып, аймақтағы негізгі серіктестердің қатарында ұстанымын күшейте түсті. Президент Грузияның қуатты әрі өркендеген ел ретінде жаңа биіктерді бағындырып, орнықты даму жолында алға қарай қадам баса беретініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Грузия арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейін жоғары бағалады. Ол екі елді тарихи тамырластық, ортақ мәдени құндылық, сан ғасырлық достық пен өзара түсіністік байланыстыратынын атап өтті.
Президенттің пікірінше, қазақ халқы Грузияның бай тарихы мен бірегей мәдениетіне зор құрметпен қарайды. Грузин қауымдастығы көпұлтты қоғамымыздың ажырамас бөлігі саналады әрі екі ел арасындағы байланысқа дәнекер болып жүр. Соңғы жылдары екіжақты қарым-қатынас тың серпін алды: саяси диалог жанданып, өзара сауда көлемі тұрақты өсіп келеді. Түрлі саладағы экономикалық ынтымақтастық кеңейе түсуде. Қазақстан мен Грузия әлемдік аренада тиімді ықпалдастық орнатып, негізгі халықаралық мәселелер бойынша бір-біріне дәйекті түрде қолдау білдіруде.
Мемлекет басшысы көшбасшылық танытып, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосып келе жатқан Ираклий Кобахидзеге І дәрежелі «Достық» орденін салтанатты түрде табыстады. Грузия Премьер-министрі қызметіне жоғары баға бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе Қазақстан Республикасы мен Грузия арасында Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме қабылдады. Екі елдің делегация мүшелері мәдениет, цифрлық даму және туризм салаларындағы ынтымақтастық туралы үш меморандумға қол қойды.

