Сурет: Egemen Qazaqstan
«Отбасы банк» жұмыс істеген кезеңде 35 жасқа дейінгі 283 мыңнан астам жас азамат баспаналы болды. Бұл банк қарыз алушыларының 42,5 пайызын құрайды. Соңғы екі жарым жылда 67 982 жас тұрғын үйге ие болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасы Мәжілісінде Respublica партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Онда жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Жиынды партия фракциясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров жүргізді.
Отырыста «Отбасы банктің» Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова баяндама жасады. Ол жастарды баспанамен қамтамасыз ету, жас отбасылардағы бала туу көрсеткіші мен елдегі демографиялық ахуалдың өзара байланысына ерекше тоқталды.
Жастардың тұрғын үй мәселесін шешуде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы іске қосылған «Наурыз» бағдарламасы маңызды рөл атқарды. Бағдарлама аясында берілген 20 302 несиенің 61 пайызын, яғни 12 450 қарызды 35 жасқа дейінгі азаматтар алды.
«Біз үшін бұл жай ғана сандар емес. Әр көрсеткіштің артында өз баспанасына қол жеткізген адамның өмір жолы тұр. Жастар баспана сатып алғанда, өз болашағын Қазақстанмен, туған қаласымен байланыстырады. Сондықтан қоныс тойын тойлаған әрбір жас отбасы – еліміздің дамуына қосылған үлес», – деді Ләззат Ибрагимова.
Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуде өңірлік бағдарламалардың да үлесі зор. «Отбасы банк» оларды жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырып келеді. Бағдарламалардың шарттары қолжетімді: бастапқы жарна – 10 пайыздан бастап, қарыз бойынша мөлшерлеме – жылдық 5 пайыз. Осы бағдарламалардың арқасында 12 400 жас отбасы баспаналы болды.
«Отбасы банк» ұлттық даму институты ретінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Соңғы тоғыз айдың ішінде 16 349 отбасы жалдамалы және несиелік тұрғын үйге қол жеткізді. Олардың барлығы өз баспанасын ұзақ жылдар бойы күткен азаматтар. Қазіргі уақытта тағы 8 377 пәтерді бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақстанда тұрғын үйге сұраныс әлі де жоғары. Бүгінде тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте 1 067 327 адам тұр. Оның 53 пайызы – жастар.

