Categories Қаржы

Серік Жұманғарин: Келесі бюджетте ең төменгі жалақыны көтеру қарастырылуы мүмкін

Сурет: Depositphotos.сom

Қазақстанда келесі бюджетті қалыптастыру кезінде ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) арттыру мәселесі қарастырылмақ. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, инфляцияның әсерінен өмір сүру құны жыл сайын қымбаттап келеді. Сонымен қатар вице-премьер инфляцияны экономиканың дамуына ықпал ететін факторлардың бірі деп санайды.

«2020 жылы экономика төмендегеніне қарамастан, халықтың нақты табысы өсті. Біз 2019 жылдан бергі халықтың нақты табысы мен ІЖӨ өсімінің арақатынасын талдадық. Көп жылдар бойы нақты табыс экономика өсімінен әлдеқайда жоғары қарқынмен өсіп келді. Бірақ мұндай теңгерімсіздік ұзаққа созылмайды. Соның салдарынан инфляция күшейді. Соңғы бес жылда елімізде инфляция деңгейі кемінде 8%, кей кезеңдерде бірнеше жыл қатарынан 10%-ға дейін жетті. Сондықтан уақыт өте келе инфляция халықтың нақты табысын төмендетеді», деді Жұманғарин Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін өткен брифингте.

Оның айтуынша, қазіргі таңда елде экономика өсіп жатқанымен, халықтың нақты табысы артып отырған жоқ. Бұл мәселені шешу үшін кешенді тәсіл қажет.

Министрдің пікірінше, жалақыны жай ғана көтеру жеткіліксіз. Ол үшін экономиканың түрлі салаларында еңбек өнімділігін арттыру керек және тұрақты әрі өнімді жұмыс орындарын көбейту қажет.

«Егер экономика өнімді болса, онда табыс инфляцияның құбылуына соншалықты тәуелді болмайды. Сондықтан қабылдаған шараларымыздың негізгі мақсаты – адами капиталды дамыту. Сонымен қатар тікелей қолдау шаралары да қарастырылған. Келесі бюджетте ең төменгі жалақыны көтеру бағытында белгілі бір шешімдер қабылдануы мүмкін. Қазір оның көлемі мен тетіктері нақтыланып жатыр», деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ Үкімет мемлекеттік қызметкерлер мен бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін де қарастырады.

Еске салайық, сәуір айында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин ең төменгі жалақы мөлшерін 150 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын.

Ұқсас жазбалар

Қазақстан мен Қытай терең өңдеу жобаларын талқылады

Үрімшіде өткен кездесуде Қазақстан мен Қытай көмір химиясы, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және ветеринария…

Ұялы байланысқа қатысты жаңа ережелер 28 маусымнан күшіне енеді

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңа ережелер 28…

«Отбасы банк» 283 мыңнан астам жас азаматтың баспаналы болуына көмектесті

«Отбасы банк» жұмыс істеген кезеңде 35 жасқа дейінгі 283 мыңнан астам жас азамат баспаналы болды.…