Сурет: Үкімет
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үрімшіде өткен XI «Қытай – Еуразия» көрмесі аясындағы «Қытайға экспорт: Қазақстан» сессиясында сөз сөйледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Ортақ үлкен нарық – Қытайға экспорт» бастамасын алғаш рет ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі Ли Цян 2025 жылғы қарашада Қытайдың VIII халықаралық импорт көрмесінде ұсынған болатын. 2026 жылы Қазақстан Ұлыбритания, Испания, Кения және Таиландпен қатар осы бастама аясында жеке ұлттық сессия өткізді.
Серік Жұманғарин іс-шараны ашып, Қытай тарапына арнайы сессияны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Ол бұл қадам екі мемлекет басшысының өзара сауданы арттыру туралы уағдаластығын іске асырудағы маңызды нақты қадам екенін және Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігінің жоғары деңгейін көрсететінін атап өтті.
Вице-премьер Қытай импорттаушыларымен, сауда желілерімен, жетекші маркетплейстермен және логистикалық операторлармен тікелей байланыстарды қамтамасыз ету арқылы қазақстандық өндірушілерге қосымша мүмкіндіктер ашатын ҚХР коммерция министрлігінің «Қытайға экспорт» бастамасының маңыздылығын ерекше атап өтті.
Қазақстан Үкіметі сауда мен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр: көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртып, шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарын дамытады. Халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін дәйекті түрде арттырады.
Сессия барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли де сөз сөйлеп, өңірдің Қытаймен ынтымақтастықты дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
Сапар аясында Серік Жұманғарин «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның Үрімші қаласындағы өкілдігінің қызметімен танысты. Бұл өкілдік қытай нарығына шығу кезінде қазақстандық компанияларға кешенді қолдау көрсетеді.
Нәтижелердің бірі – 1000-нан астам дүкенді біріктіретін «8:30» ШҰАА ірі сауда желілерінің бірімен уағдаластықтар. Sun Planet, Delis және Run Planet қазақстандық брендтерінің өнімдерін желінің 200-300 сауда нүктелерінде пилоттық форматта орналастыру туралы алдын ала келісімге қол жеткізілді.
Өкілдіктің көмегімен қытай нарығында «Алан және Компания» және Baysan Group компанияларының өнімдерін жылжыту туралы келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар, көлемі 20 тонна қазақстандық тауарларды Қытайға алғашқы пилоттық жеткізу сүйемелденді. Бұл партияға «Сұлтан» макароны, «Пиала» шайы, RG Brands шырындары және кондитерлік өнімдер кірді.

