Сурет: Egemen Qazaqstan
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚР Президенті Іс басқармасымен бірлесіп, Апорт алма бақтарын қайта жаңғырту жөніндегі Жол картасын іске асыруды жалғастыруда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жоспар бойынша, 2027 жылға дейін осы сұрыптың жаңа екпелерінің ауданы тағы 100 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 110 гектарға жетеді. Апорт сұрпын кең ауқымда қайта жаңғыртуға қазақстандық ғалымдардың көпжылдық іргелі зерттеулері негіз болды.
2006-2011 жылдары Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантині ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, Сиверс алмасы мен Апорт сұрпын зерттеу бойынша экспедициялық жұмыстар жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің аумағындағы жабайы алма ағаштарының популяцияларынан 30 түрлі үлгі жиналды. Іріктеліп алынған Апорт клондарынан зертханалық (in vitro) жағдайда вирустық аурулардан таза көшеттер алынды.
Молекулалық талдау негізінде ғалымдар ДНҚ-профильдері сәйкес келетін 11 сұрып-телітуші комбинациясын анықтап, көшеттер өсірді. Осы көшеттерден 2015 жылы Помологиялық бақта 5 гектар аумақта тәжірибелік бақ отырғызылды. Бұл бақ 2022 жылы алғашқы өнімін берді. Аталған кезеңдегі маңызды жетістіктердің бірі – ДНҚ талдауы арқылы Сиверс алмасының бактериялық күйік пен қотыр ауруына табиғи төзімділік гендері бар ерекше формаларын анықтау болды. 2025 жылы Институттың Талғар өңірлік филиалында 10 гектар аумақта жаңа бақ отырғызылды.
Қазіргі уақытта мамандар алдағы 100 гектар жерге алма ағаштарын отырғызуға қажетті сапалы көшет материалдарын дайындап жатыр. Қазақстандық алманың мәртебесі мен бірегейлігі халықаралық деңгейде де мойындалуда. «Апорт» бренді БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) «Бір мемлекет – бір басым дақыл» халықаралық бастамасы аясында Қазақстанның басым дақылы ретінде ресми түрде ұсынылды.

