Президентке Алакөл туристік аймағын дамыту барысы туралы есеп берілді

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысына Абай облысының 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен биылғы төрт айдағы көрсеткіштері туралы баяндалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Берік Уәлидің мәліметінше, өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жетті. Қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрады. Инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң динамика сақталды.

Президентке инвестиция тарту жұмыстары туралы айтылды. Былтырдан бері жалпы инвестициялық пулдағы жобалар саны 29-дан 112-ге дейін өсті. Тартылатын инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін артты. Ірі жобалар қатарында «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы (құны 577,5 миллиард теңге), Семейде жаңа жылу электр орталығы (714 миллиард теңге) және тау-кен байыту комбинаты (255 миллиард теңге) бар.

Облыс әкімі арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстарын баяндады. Семейде жоспарланған аймақта жалпы құны 400 миллиард теңге болатын өндірістік жобаларды іске асыру және 2500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Үш ірі жоба бойынша ұсыныс түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алакөл туристік аймағын дамыту барысы туралы ақпарат берілді. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайының терминалын реконструкциялау үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған.

Президентке инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жобалары таныстырылды. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, Семейдегі жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары баяндалды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы өңірге инвестиция тартуды күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, «Абайға құрмет» акциясын лайықты деңгейде өткізу жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанның 16 өңірінде күн райына байланысты ескерту жарияланды

«Қазгидромет» РМК 10 маусымға күн райына қатысты ескерту шығарды. Елдің 16 өңірінде жаңбыр, найзағай, бұршақ,…

Қытайлық инвесторлар БҚО-да жаңа зауыттар мен электр стансаларын салады

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, Ляонин…

Мемлекет басшысы «Digital Qazaqstan» стратегиясын бекітті

Мемлекет басшысы «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Құжаттың мәтіні баспасөзде жарияланады.