Categories Жайық news

Батыс Қазақстанда жаңа зауыт ашылды: Кәсіпорын мал терісінен протеинді жем шығарады

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында мал терісін өңдейтін жаңа зауыт іске қосылды. «EcoClub» серіктестігінің өндірістік нысаны ірі қара мен жылқы терісінен жоғары ақуызды, сапалы протеинді жемдік қоспа өндіреді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Жаңа кәсіпорынның ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Бұл бастама өңірлік агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, мал шаруашылығының өнімділігін арттыруға және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған.

Жобаның жалпы құны – 630 миллион теңге. Серіктестік басшысы Бауыржан Сабановтың айтуынша, жобаны іске асыру үшін «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген несие алынған. Зауыт толық қуатына көшкенде айына 200 тоннаға дейін дайын өнім шығара алады.

Өндірісте қолданылатын заманауи жабдықтар Солтүстік Қазақстан облысынан жеткізілген. Өндірісті автоматтандыру технологиялық тиімділікті қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін арттыруға және кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы былтыр облыстың өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 112,2 пайызға ұлғайып, 379,7 млрд теңгеге жеткенін атап өтті.

«Бұл көрсеткіш – жай ғана статистика емес, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер ететін маңызды фактор. Біріншіден, өндіріс көлемінің ұлғаюы салық түсімдерін арттырады. Екіншіден, тұрақты жұмыс орындары көбейеді. Үшіншіден, экономикалық өсім ауылдарды инфрақұрылыммен қамтуға мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорын осы сенім үдесінен шығады деп ойлаймыз», – деді Нариман Төреғалиев.

Бұған дейін ирандық инвесторлармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Оралда үш жылдан бері тоқтап тұрған тері өңдеу зауыты қайта іске қосылған болатын. Жергілікті билік бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.

Фото: БҚО әкімдігі

Ұқсас жазбалар

Баспана, медициналық көмек және жеңілдіктер: мәдениет саласындағы әлеуметтік қолдау тетіктері

Елімізде мәдениет саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағытындағы шаралар кезең-кезеңімен күшейтіліп жатыр. Аталған бағыттағы жұмыстар Мемлекет…

Студенттер экологиялық сағат өткізді  

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Батыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті Жәңгір хан атындағы…

Астанада дрон көмегімен заңсыз топырақ ұрлағандар анықталды

Астана полициясы дрон арқылы мониторинг жүргізіп, Айтматов көшесінде топырақ ұрланып жатқанын анықтады.