Categories Әлем

Астанада III архившілер конгресі басталды

Сурет: ті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Астанада «Digital Archive EXPO» III архившілер конгресі өтіп жатыр. Үш күнге созылатын жиынға әлемнің 30 елінен 500-ден астам қатысушы келді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қатысушылар арасында архив мекемелерінің басшылары мен мамандары, БҰҰ, ЮНЕСКО, Халықаралық архивтер кеңесінің өкілдері, IT сарапшылар, ғалымдар мен зерттеушілер бар. Олар цифрлық трансформация және жасанды интеллект дәуіріндегі архив саласының келешегін талқылап жатыр.

Пленарлық сессияны Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина жүргізді. Ол конгрестің Халықаралық архивтер күнімен тұспа-тұс келгенін атап өтіп, мамандарды кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай-ақ үш күн бойы архив саласының болашағы, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мәселелері талқыланатынын, Жас архившілер мектебі, ЮНЕСКО семинары, MURAtalks сарапшылар клубының екінші отырысы және воркшоптар өтетінін жеткізді.

«Конгресс қатысушыларына Президент архивінің мамандары әзірлеген өнімдер мен AI-шешімдерді ұсынып отырмыз. Олардың қатарында «GeoTopography» зияткерлік цифрлық жүйесі, «AI Archival Recognition System» тану қосымшасы, «AI Mura – Virtual Guide» цифрлық ЖИ-шешімі, сондай-ақ «QuralAI Assistant» архивистің ЖИ-көмекшісі бар», деді Әлия Мұстафина.

Конгресс алаңында сарапшылар халықаралық тәжірибелерімен бөлісті. БҰҰ Кітапханасы мен архивтерінің директоры Шарлотта Линдберг Варакаулле Қазақстанның білім мен тарихи мұраны сақтаудағы көшбасшылығын атап өтіп, диалог пен ынтымақтастық үшін алаң қалыптастырғаны үшін алғыс білдірді.

«Біз ақпаратты жасау, басқару, сақтау және қол жеткізу тәсілдерін өзгертіп жатқан технологиялық өзгеру дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект архив қорларын өңдеу мен сипаттаудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынады», деді ол.

Кеше «Архивтер және AI» және «Digital Archive» тақырыптарында панельдік сессиялар өтті. ЮНЕСКО, Халықаралық архивтер кеңесі және Ұлыбритания Ұлттық архивінің өкілдері цифрлық архивтерді дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану және мамандар даярлау мәселелерін талқылады.

Конгресс аясында халықаралық DA-EXPO көрмесі ұйымдастырылып, Президент архивінің AI жобалары таныстырылды. «AI Geotopography», «AI Archival Recognition System», «AI Mura – Virtual Guide» және «QuralAI Assistant» жобалары кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл жобалар архившілердің жұмыс тиімділігін арттыруға және қайталанатын операцияларға кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.

Ұқсас жазбалар

Астанада Қытай мен Орталық Азия жастарын біріктірген E-LIGHT 2026 фестивалі өтті

Астанада E-LIGHT 2026 халықаралық жастар форум-фестивалі өтті. Іс-шара Халықаралық диалог күніне орай ұйымдастырылып, Энергетикалық Жібек…

АҚШ-тағы визалық тексерістер 2026 жылғы әлем чемпионатына көлеңке түсіруде

АҚШ-тағы визалық шектеулер мен қауіпсіздік тексерістері халықаралық футбол қауымдастығында алаңдаушылық туғызуда.

Иорданиялық блогер Каспий жағалауындағы құтқарушылар жұмысына тәнті болды

Иорданиялық блогер Юсеф Хаттаб Каспий жағалауындағы құтқарушылар жұмысына жоғары баға беріп, табиғатқа тәнті болды.