Президент Құрылтай туралы конституциялық заңға қол қойды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құрылтай – Қазақстан Республикасының заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы. Оның қызметі заңдылық пен алқалылық қағидаттарына негізделеді. Құрылтай халықтың тікелей сайлауымен сайланатын 145 депутаттан тұрады, өкілеттік мерзімі – 5 жыл.

Құрылтайдың негізгі бағыты – заң шығару қызметі, кадрлық саясатқа қатысу және атқарушы билікке бақылау жасау. Депутаттар Премьер-министрді, Вице-Президентті, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім береді.

Конституциялық заңда Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру тетігі көзделген. Заңға сәйкес, Құрылтай Парламенттің құқықтық мирасқоры, ал оның Аппараты Мәжіліс Аппаратының құқықтық мирасқоры болып танылады.

Құрылтай жұмысы сессиялар түрінде жүзеге асырылады. Сессиялар жыл сайын қыркүйектен маусымға дейін өткізіледі. Қажет болған жағдайда кезектен тыс сессиялар шақырылуы мүмкін. Отырыстар кворум болғанда өткізіліп, ашық түрде ұйымдастырылады.

Құрылтай Төрағасы депутаттар арасынан сайланады. Құрылымда Бюро, тұрақты комитеттер мен комиссиялар, сондай-ақ консультативтік-кеңесші органдар жұмыс істейді. Парламенттік тыңдаулар мен үкіметтік сағаттар өткізу көзделген.

Заң шығару бастамасы құқығы Президентке, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке және Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі. Заң жобалары отырысқа шығарылғанға дейін салалық комитеттерде қаралуы керек. Қаржылық бастамалар Үкіметтің оң қорытындысы болған жағдайда ғана енгізіледі.

Заңдар депутаттардың көпшілік дауысымен, ал конституциялық заңдар білікті көпшілік дауыспен қабылданады. Қабылданған заңдар Президенттің қол қоюына жіберіледі. Президент заңға қол қоя алады немесе қарсылықтарымен қайтара алады. Қайта қарау кезінде Құрылтай Президенттің қарсылықтарын еңсере алады немесе өзгерістермен келісе алады.

Ұқсас жазбалар

Ақтау маңындағы «Көгілдір шығанақта» екі жас жігіт суға батып кетті

Ақтау маңындағы «Көгілдір шығанақ» ауданында екі адам суға батып кетті. Бұл қайғылы оқиғаны Маңғыстау облыстық…

Мемлекет басшысы Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасымен телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен телефон арқылы сөйлесті.

29 маусымда 6 облыста қатты ыстық күтіледі

«Қазгидромет» 29 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады. 6 облыста қатты ыстық күтіледі.