Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясының танымал өкілі, ақын, аудармашы, әнші Ақсұңқар Ақынбабақызы бірнеше жылдан бері «Алтай -Алатау арасы» авторлық жобасымен ел аралап жүр.
Жақында Орал қаласына «Алтай менен Ақжайықтың арасы» атты кезекті авторлық шығармашылық сапарымен келіп қайтты. Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының камералық залында өткен ақын, әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақсұңқар Ақынбабақызының рухани — мотивациялық шығармашылық кешіне жергілікті жырсүйер қауым мен өнерсүйер жастар көп жиналды. «Кештерімнің атауын кейде сапарлап келетін өлкеге байланысты өзгертіп, жаңартып отырамын»- деді ақын. «Алыс дейді Шығыс, Батыс арасы, Соның бәрі тек қазақтың даласы, Сол даланы сен жырласаң Батыстан, Мен Шығыстан жырлап тұрам бары осы..»-деп басталатын «Алтай менен Ақжайықтың арасы» атты сиясы кеппеген жаңа өлеңін жолда ұшақта жазғанын, жалғасын қайтар жолда аяқтайтынын айтты.
Әдеби-сазды кеш ақынның өмір жолы мен шығармашылық белестерінен, жетістіктерінен ақпарат беретін арнайы бейнебаянмен ашылды. Көрермен Ақсұңқардың әлеміне бірде поэзия рухымен саяхаттаса, бірде ақынның орындауындағы әндермен тебірене бойлап, әсерлі атмосферада рухани демалып, қимай қоштасты. Бұл туралы кеш соңында филармонияның директоры, ақын Бауыржан Халиолла Ақсұңқарға шапан жауып, гүл ұсынып тұрып:»Дәл осындай мазмұнға бай, жан -жақты өнермен өрілген ақынның кешін бірінші рет көріп тұрмын. Өте ерекше болды!»-деп атап өтті. Сонымен қатар, Ақсұңқардың өлең сөздеріне жазылған Бейбіт Оралұлы, Әлібек Тойлыбай, Ясира Зақанқызы қатарлы сазгерлердің әндері орындалып, кештің шырайын аша түсті. Ақсұңқар биылғы кештерінің жаңалығы ретінде қазақ музыка өнерінің тарихында алғаш рет сахнаға эпикалық әуендерді алып шыққанын айта отырып, «Жер Даусы» (әлемдік эпикалық әуен),»Ай Даусы» (идея авторы өзі, әуені Ә.Тойлыбай) деген екі әуен — терапияны ұсынды. Көрермен бұл әуендердің әсерімен рухани трансформациялық, медитативтік күйге бөленіп, риза болды. Мазмұнды рухани іс-шара барысында ақынның поэзиясынан қойылған «Ғасыр мен Ақын», «Алтай жыры»,»Романс» қатарлы туындыларды Орал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Университеттің «Актёрлық өнер және режиссура» факультетінің студенттері шеберлікпен сахналап шығарып, филармония өнерпаздары Кенесары Болғанбаев пен Тұрлыхан Абуханов, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж студенттері өнер көрсетті.
Ақсұңқар Ақынбабақызы – тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясына өр рухпен қосылған дарабоз тұлға.
Алтай менен Алатаудың асқақ тауларынан түлеп ұшқан оның жан -жақты дарыны бүгінде кеңінен ашыла түскендей. Поэзиямен қоса Алтай қазақтарының дәстүрлі ән өнерін дәріптеп, ұлттық ән өнерінің де дамуына үлес қосуда. Ақынның «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар», «Жанартау» жыр жинақтары әдеби ортада жоғары бағаланып, Анна Ахматовадан жасаған «Жарылыс» аудармалар жинағы оқырман сұранысына ие болып, жер-жерге таралуда.
Ақсұңқар Ақынбабақызы 2002 жылы Алматыда «Ғалымдар үйінде» қазақ ақын қыздарының арасынан алғаш болып «Тауға шыққым келеді!» жеке жыр кешін аншлагпен сәтті өткізіп, республикалық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталған еді. Тағдырлы ақын қыз ұзақ үзілістен кейін 2024 жылдан бастап «Алтай – Алатау арасы» атты авторлық ән-жыр кешімен сахнаға қайта оралып, 2025 жылы еліміздің бірнеше қаласында, атап айтқанда, Алматы, Қонаев, Талдықорған, Тараз, Шымкент қалаларында авторлық кештерін табыспен өткізді. Биылғы сапарын Ақжайық жұртшылығымен жүздесумен бастап, алда тағы да басқа өңірлерге шығармашылық сапарларға шықпақшы екен.
Алтайдың асқақ рухы мен сағынышқа толы ән-жырларын арқалаған ақынның дара даусы Ақжайық төрінде қалықтап, көрермен көңілінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз.




