Мемлекет басшысы Ұлттық банк есебін тыңдады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк басшылығының 2025 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспары туралы есебін қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақша-несие саясатындағы нәтижелер, қаржы секторы, алтын-валюта резерві, Ұлттық қор мен БЖЗҚ зейнетақы активтерінің жағдайы, сондай-ақ қаржы жүйесінің цифрлық трансформациясы туралы баяндады.

Президентке өткен жылы инфляция 12,3 пайызға дейін төмендегені хабарланды. Биыл да инфляцияның баяулауы жалғасып, мамыр айында 10,4 пайызды құрады. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп инфляцияны төмендету бойынша кешенді жұмыс жүргізуде.

Мемлекет басшысына Ұлттық банк сенімгерлік басқаратын Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтерінің жай-күйі туралы ақпарат берілді. Ұлттық банктің алтын-валюта резерві өткен жылы рекордтық деңгейге жетіп, 65,4 миллиард долларды құрады. Ұлттық қордың валюталық активтері 5,1 миллиард долларға өсіп, 63,9 миллиард долларға жетті. БЖЗҚ активтерінің көлемі 2,7 триллион теңгеге артып, 25,1 триллион теңгеге ұлғайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа цифрландыру және цифрлық жобаларды дамыту жайлы айтылды. 2025 жылы цифрлық активтерге арналған арнайы құқықтық режим енгізіліп, оның негізінде нақты активтерді токендеу, ақшаға байланған стейблкоиндер шығару, криптопровайдер мен крипто-фиат арналарын ұйымдастыру сияқты 30-дан астам пилоттық жоба іске асырылды.

Қазақстан өңірдегі алғашқы Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қосты. Бұл қауіпсіз биометрия, банкаралық есеп айырысулар, қаржылық ақпарат алмасу жүйесі, цифрлық теңге, алаяқтықтан қорғау және заманауи цифрлық сервистер сияқты тетіктерді біріктіреді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Ұлттық банкке қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуді, Үкіметпен бірлесіп инфляцияны тежеу және макроэкономикалық тұрақтылықты қолдау бойынша үйлесімді саясат жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ қаржы нарығындағы озық цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамытудың маңыздылығы атап өтілді.

Ұқсас жазбалар

Президент төрт облыс әкіміне тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Ұлытау облыстарының әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті, деп…

Астанада қыз баланы құтқарған екі азамат полиция марапатына ие болды

Астанада белгісіз ер адамның шабуылынан қыз баланы арашалап қалған екі тұрғын полиция департаментінің марапатына ие…

Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифке хат жолдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифті АҚШ пен Иран арасындағы меморандумға дәнекер болған дипломатиялық әрекетімен…