Categories Ақорда

Жеңіл өнеркәсіпті қолдау: жаңа жұмыс орындары мен жалақы өсімі міндетті шарт

Сурет: Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы талқыланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жоспар жобасы 7 бөлім мен 30 іс-шарадан тұрады. Ол жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдаудың орта және ұзақ мерзімді шараларын қамтиды. Орта мерзімді шараларға кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, өткізу нарығын кеңейту, мемлекеттік сатып алу тетігін жетілдіру және отандық өндірушілерге тең бәсекелестік жағдай жасау кіреді.

Сатып алу рәсімін жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының өндірістік циклінің ерекшелігіне бейімдеуге ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алуда өнімді жеткізу мерзімін ұлғайту мүмкіндігі пысықталуда.

Ұзақ мерзімді шаралар аясында шикізат пен дайын өнімді толық қадағалау жүйесін, сондай-ақ өндірісті жергіліктендіруді арттыру келісімі тетігін енгізу қарастырылған. Бұл тетік мемлекет пен сала кәсіпорындары арасында келісім жасауды көздейді. Компаниялар қарсы міндеттемелерді қабылдаған жағдайда қосымша қолдау шараларын ала алады.

Келісімде өндіріс көлемін ұлғайту, жергіліктендіру деңгейін арттыру, қызметкерлердің жалақысын көтеру, персоналдың біліктілігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру міндеттемелері бекітіледі. Осындай келісім жасасқан кәсіпорындар арнайы инвестициялық келісімшарт, жеңілдікпен қаржыландыру және басқа да ынталандыру тетіктері түріндегі мемлекеттік қолдауға ие бола алады.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин мүдделі мемлекеттік органдарға, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдеріне маусым айының соңына дейін ұсынылған тетіктерді пысықтап, келісілген ұсыныстар беруді және оларды кешенді жоспар шеңберінде іске асыруды тапсырды.

Ұқсас жазбалар

Елордадағы Бас мешітке «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық Бас мешітке «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілгенін хабарлады.

Алматы облысында су қоймалары мен Үлкен Алматы каналы жаңғыртылады

Алматы облысында ірі су қоймаларын жаңғырту және Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын кешенді қайта…

«Таза Қазақстан»: Экологиялық талапты бұзған 102 әкім жауапкершілікке тартылды

Ішкі істер министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы өтіп, онда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел қызмет қорытындысы…