Алматы тұрғыны Tengrinews.kz редакциясына хабарласып, себепсіз тоқтатқан полиция қызметкерлерінің одан телефонды көрсетуді сұрағанын айтты. Олар қосымшалар, соның ішінде Telegram-ды тексермек болған.
Халықаралық ALC Attorneys заң компаниясының басқарушы серіктесі Фарид Алиевтің айтуынша, сот шешімінсіз немесе процессуалдық негізсіз телефонды тексеру және парольді сұрау — өкілеттікті асыра пайдалану. Азамат мұндай талапты орындаудан бас тартып, заңда белгіленген тәртіпті сақтауды сұрауға құқылы.
Заңгер ұсынған әрекет алгоритмі:
-
Қызметтік куәлігін талап етіңіз — полиция қызметкері өзін таныстырып, куәлігін көрсетуі керек.
-
Телефон — жеке деректер — оны тексеру немесе пароль сұрау үшін заңды негіз қажет.
-
Тінту тәртібі — қалта, сөмке, рюкзак тек негіз болғанда және куәгерлер қатысуымен немесе бейнетүсірілім арқылы ғана тексеріледі.
-
Сабырлы болыңыз, бірақ бәрін жазып алыңыз — мүмкін болса, куәгерлердің көзінше видеоға түсіріңіз.
Егер құқықтарыңыз бұзылса, департаменттің ішкі қауіпсіздік бөліміне немесе прокуратураға шағымдануға болады. Телефонды немесе парольді беру — міндет емес, жеке еркіңіз.