Колумбияның Пуэрто-Легуисамо қаласында әскери ұшақ апатқа ұшырап, кем дегенде 66 адам қаза тапты. Caracol Radio радиостанциясының мәліметінше, бортта барлығы 128 әскери қызметкер болған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, қаза тапқандардың 58-і – Ұлттық армияның, алтауы – Колумбия Әскери-әуе күштерінің, екеуі – Ұлттық полицияның қызметкері. Құзырлы органдар үйінді астынан мәйіттерді іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, генерал Карлос Фернандо Сильва Руэданың айтуынша, C-130 Hercules ұшағы Пуэрто-Легуисамодан Пуэрто-Асис қаласына бағыт алған. Оқиға орнына жақын жерде Колумбия Әскери-теңіз күштерінің базасы орналасқандықтан, әскери бөлімшелер апат орнына тез жетіп, зардап шеккендерге көмек көрсетті.
Біз жараланғандарды тасымалдау үшін 50 зембіл сиятын Колумбия Әскери-әуе күштерінің санитарлық ұшағын жібердік. Оның артынан тағы 24 зембілі бар тағы бір ұшақ аттанады.
Зардап шеккен әскери қызметкерлерді Нейва, Флоренсия және Богота қалаларындағы ауруханаларға жеткізіп жатыр.
Елдің қорғаныс министрі Педро Санчес ұшақтың техникалық ақауы болмағанын мәлімдеді. Ол әуе кемесі ұшқаннан кейін көп ұзамай, әуежайдан шамамен бір жарым шақырым жерге құлаған. Министрдің сөзінше, сырттан шабуыл жасалғанына ешқандай белгі жоқ, бірақ ұшақтағы өрт салдарынан әскерилер алып бара жатқан оқ-дәрілердің бір бөлігі жарылған.
Фото: Әлеуметтік желіден

