Сурет: Egemen Qazaqstan
Алматыда БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан отандық медиа өкілдеріне жаңа пәтер кілттері табысталды. Салтанатты шара Dara Президенттік бастамалар қорының қатысуымен өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып келеді. Оның басты мақсаты – ұлттық ақпараттық кеңістіктің дамуына үлес қосып жүрген БАҚ қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету.
2026 жылы бағдарлама алғаш рет Астана мен Алматыдан тыс өңірлерді де қамтыды. Биыл Президент атынан медиа саласы өкілдеріне барлығы 66 пәтер берілді. Оның ішінде 15 пәтер – Астанада, 15 пәтер – Алматыда, ал қалған 36 пәтер өңірлердегі журналистерге табысталды.
Пәтер иелерінің тізімі Dara Президенттік бастамалар қоры, Президент Іс басқармасы, жергілікті атқарушы органдар және БАҚ редакцияларымен бірлесіп жасақталды. Осы бастама аясында соңғы үш жылда Президент атынан 200 отандық медиа қызметкері баспаналы болды.

