Қазгидромет мамандары алдағы мереке күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің дерегінше, елдің басым бөлігінде күн райы жауын-шашынды және салқын болады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Солтүстік өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауын күтіледі, түнгі температура -3…-8°C-қа дейін төмендейді. Оңтүстікте ауа температурасы +10…+15°C шамасында болып, кей жерлерде найзағай ойнайды.
Батыс Қазақстан облысында, соның ішінде Орал қаласында, мереке күндері ауа райы бұлтты және жаңбырлы болады. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.
Қазгидромет өкілі: «Мереке күндері демалысты жоспарлаған азаматтарға ауа райына сай киінуді және жолда абай болуды ұсынамыз», — деді.
Алдағы күндері еліміздің көп бөлігінде күн райы тұрақсыз болғандықтан, синоптиктер халықты сақ болуға шақырады. Нақты болжамды Қазгидрометтің ресми сайтынан қарауға болады.

