Батыс Қазақстан облысында «Орал» халықаралық әуежайының» авиаотын сату кезінде үстем жағдайды теріс пайдаланғаны анықталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, әуежай авиаотынды түрлі компанияларға ешқандай объективті және экономикалық негізсіз әртүрлі бағамен сатқан.
«Тергеу барысында бір кезеңде жекелеген компаниялардың авиаотынды нарықтың басқа қатысушыларымен салыстырғанда төмен бағамен сатып алғаны белгілі болды», — делінген ведомство хабарламасында.
Монополияға қарсы орган бұл әрекетте нарықтағы үстем жағдайды асыра пайдалану белгілері бар деп тауып, кәсіпорынға бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуы мүмкін екені туралы хабарлама жіберген.
Агенттік өкілдері әуежайдың хабарламаны орындап, анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдағанын жеткізді.
Фото: Әлеуметтік желіден

