Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында референдумге дауыс беруге келген тұрғындар арасында садақ атудан жарыс өтті. Ерекше бастаманы №277 және №278 референдум учаскелерінде «Қаратөбе» спорт клубы ұйымдастырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Сайысқа жиналғандар өздерінің азаматтық борышын өтеп қана қоймай, мергендіктерін де сынап көрді. Қатысушылар арасындағы бәсеке тартысты болып, әркім өз шеберлігін паш етуге тырысты.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай спорттық шаралар жастарды спортқа тарту үшін маңызды. Олардың айтуынша, ауданда садақ ату спорты соңғы жылдары қарқынды дамып келеді және бұл тек спортты насихаттау ғана емес, сонымен бірге жергілікті қоғамдық өмірге оң ықпал етеді.
– Бүгін біз спортпен айналысып, өзіміздің азаматтық міндетімізді орындадық. Мұндай ерекше формат көңілді, есте қаларлық әрі шабыт беретін тәжірибе болды. Сонымен қатар, сайыс арқылы әрқайсымыз өз шеберлігімізді сынап, бір-бірімізбен жарысудың қызығын сездік, – дейді қатысушылардың бірі Мейрамбек Далабаев.
Фото: Әлеуметтік желіден

