Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің ауқымы өте үлкен екенін, сондықтан іс жүзінде жаңа Конституция қабылдау туралы байлам жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, арнайы комиссия мүшелері пікірталас кезінде осындай тоқтамға келген. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Кешегі отырыстағы пікірталаста Комиссия мүшелері «Ата Заңға енгізілетін өзгерістер ауқымына қарасақ, жаңа Конституция қабылдауымыз керек» деген байлам жасады», – деді Президент.
Тоқаев бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашатынын атап өтті.
«Шын мәнінде, ұсынылған түзетулер жобасы елді институционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейді. Бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады. Түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты. Ата Заңымызда жарқын болашаққа нық қадам басқан бүгінгі Қазақстанның тұғыры әбден бекіген мемлекет ретіндегі идеалдары, қағидаттары мен басымдықтары көрініс табады», – деп түсіндірді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент қолданыстағы Ата Заңның тарихи рөлін ешкім жоққа шығармайтынын жеткізді.
«Әрине, қолданыстағы Ата Заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына елеулі үлес қосты. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Сондықтан былтырғы 30 тамызда Конституцияның 30 жылдығын кеңінен атап өттік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Әлеуметтік желіден

