2025 жылы Алматының әрбір тұрғыны 518 тал темекі шеккенмен бірдей зиянды ауа жұтады деп болжанып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Зерттеу деректеріне сәйкес, қаладағы PM2.5 ұсақ бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясы 31,2 мкг/м³-ге жеткен. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен нормадан алты есе жоғары көрсеткіш.
2024 жылмен салыстырғанда, келесі жылы қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауаның ластану деңгейі 30%-ға артады деп күтілуде.
Бұл дегеніміз, алматылықтар жылдың 60%-дан астам уақытында халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін ауамен тыныстайды. Ал «таза» деп саналатын күндер саны небәрі 148 күн болған.
Жыл ішіндегі ең лас күн ретінде 7 желтоқсан тіркелсе, ауасы ең нашар аудан Түрксіб ауданы болып отыр.
Сонымен қатар, бұрын «таза» саналатын жаз айларында да ластану деңгейінің шекті нормадан асып кеткені анықталған.

