Ақтөбеде жөндеуге алған алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп келген зергер ұсталды. Ол кемінде 20 адамды алдап, жалпы сомасы 12 миллион теңгеден астам шығын келтірген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, қалалық полицияға Орталық базар маңындағы шеберханада жұмыс істеген зергердің үстінен бірнеше тұрғын шағымданған.
Тергеу анықтағандай, ол клиенттерден алтын әшекейлерді «жөндеп беремін» немесе «жаңасын соғып беремін» деген сылтаумен алған. Алайда аманатқа тапсырылған бағалы заттарды ломбардқа өткізіп, түскен ақшаны өз қажетіне жаратып отырған.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары оның 20-дан астам алаяқтық дерегіне қатысы барын дәлелдеді. Шығынның жалпы көлемі 12 миллион теңгеден асады.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Фото: Әлеуметтік желіден

