НАТО бас хатшысы Марк Рютте Давостағы экономикалық форумда Ресейдің Украинадағы соғыста тек желтоқсан айында 30 мыңнан астам сарбазынан айырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Альянс сайтында жарияланған стенограммаға сәйкес, Рютте Ресейдің шығыны күн сайын мың адамға жеткенін айтқан.
«Иә, бұл рас, желтоқсанда ресейліктер күн сайын мың адамынан айырылып отырды. Бұл ауыр жараланғандар емес, нақты қаза тапқандар. Яғни, бір айда 30 мыңнан астам адам», – деді Рютте.
НАТО басшысы бұл деректі еуропалық саясаттың басымдықтарын талқылау кезінде келтірді. Оның пікірінше, Еуропа елдері АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемелеріне, мысалы, Гренландия туралы айтқандарына шамадан тыс назар аударып, басты мәселе – Украинаға көмекті жалғастыру қажеттігінен алшақтап барады.
«Қазіргі негізгі мәселе – Гренландия емес, Украина», – деп атап өтті ол.
Рютте осындай ауыр шығынға қарамастан, Ресейдің Украинадағы шабуылдарын жалғастырып жатқанын да қосты.
Ол бұл ақпаратты қайдан алғанын нақтыламады. Әдетте Батыс саясаткерлері мен барлау қызметтері ресейлік шығындар туралы айтқанда, қаза тапқандар мен жараланғандарды қоса есептеп, жалпы санды атайтын.
Ресей өз шығындары туралы ресми мәліметті 2022 жылдың қыркүйегінен бері жариялаған жоқ.
Би-би-си орыс қызметі мен «Медиазона» басылымы волонтерлермен бірге ашық дереккөздер негізінде қаза тапқан ресейлік әскерилердің атаулы тізімін жүргізеді. Желтоқсан айының соңында бұл тізімде 158 мыңнан астам адамның аты-жөні болған. Зерттеушілер мұны ең төменгі көрсеткіш деп санайды.
Фото: World Economic Forum/Valeriano Di Domenico

