Алматыда қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі көтерілсе де, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасында күрт өсім байқалмады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Қазақстанда 5 қаңтардан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін өсті.
«Салық мөлшерлемесінің өсуіне қарамастан, Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының кенет өсуі тіркелген жоқ. Сауда желілері бағаны кезең-кезеңімен қайта қарап жатыр, бұл негізінен айналымы жоғары тауарларға қатысты. Ал әлеуметтік маңызы бар өнімдердің жағдайы тұрақты. Қалада азық-түлікке деген дүрбелең байқалмайды», – деп атап өтті қала әкімдігі.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, сыртқы және ішкі факторларға қарамастан, азық-түлік нарығындағы жағдай тұрақты. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізімі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қаладағы ӘМАТ-қа қатысты тұтыну бағаларының индексі 8,9%-ды құрады.
2025 жылы ӘМАТ-қа рұқсат етілген сауда үстемесін (15%-дан асырмау) сақтамағаны үшін жалпы сомасы 47,1 млн теңгеге айыппұл салынып, 38 жосықсыз делдал нарықтан шеттетілді. Сондай-ақ ірі сауда нысандарына, базарлар мен «үй жанындағы» дүкендерге тұрақты мониторинг жүргізілуде.

