Президент Жолдауында ерекше назар аударылған жеке инвестиция тарту міндетін жүзеге асыру мақсатында Казталов ауданында тұңғыш рет «KAZTALOV-INVEST» инвестициялық форумы өтті. Іс-шара барысында жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 14 жоба бойынша меморандумға қол қойылды.
Форумға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тлепберген Қаюпов, облыстық басқарма басшылары, «Даму» қорының өкілдері, кәсіпкерлер мен шаруа қожалық жетекшілері қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – ауданның инвестициялық әлеуетін таныстырып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беру.
— Бұл форум ауданның әлеуетін танытып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлерге тың бастамаларға жол ашады. Мемлекет басшысы Жолдауында жаңа инвестициялық кезең басталғанын атап өтті. Осы бағытта облыс әкімдігі инвесторларға барлық жағдайды жасауға дайын. Казталов ауданы ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласында зор мүмкіндіктерге ие, — деді облыс әкімінің орынбасары Тлепберген Қаюпов.
Форумда кәсіпкерлікті қолдау тетіктері, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында бірқатар баяндамалар жасалды. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер өз жобаларын ұсынып, инвесторлармен байланыс орнатты.
Шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қызмет көрсету, сауда және әлеуметтік бағыттағы жаңа жобалар таныстырылды. Қол қойылған меморандумдар алдағы уақытта аудан экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етпек.
Форум аясында облыс әкімінің орынбасары тұрғындарды жеке қабылдап, ауылдағы түйткілді мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын қарастыруға уәде берді.
«KAZTALOV-INVEST» форумы аудан үшін тың бастама болып, инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті дамыту ісінде тұрақты алаңға айналуы күтілуде.