Оралда Астана күні мерекесіне орай көпшілік велошеру ұйымдастырылды. Спорттың бұқаралығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, құзырлы құрылым басшылары, қала тұрғындары мен белсенді жастар қатысты.
Сөреде сап түзеген 300-ден астам адам «Жеңіс» алаңынан бастап, №30 мектеп аялдамасы арқылы айналып, қайта оралды. Жиналғандар жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайтын қашықтықты жүріп өтті. Шеруге қатысушылардың ең жасы сегізде болса, егдесі сексенге таяған. Соған қарамастан, барлығы дерлік жоғары белсенділік танытып, мәре сызығын кесті.
Шараның салтанатты рәсімінде сөз алған аймақ басшысы тұрғындарды мерекемен құттықтап, Астананы Тәуелсіздіктің басты тірегі ретінде атап өтті. Президент бастамасымен қабылданған Елорданың мәртебесі туралы жаңа конституциялық заң бас қаланың саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейткенін жеткізді. Сондай-ақ ол ұлтты ұйыстырған айтулы күнде салауатты өмір салтын ұлықтаудың мән-маңызына ерекше тоқталды.
— Облыс тұрғындарының дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысу көрсеткіші жылдан жылға жақсара түсті. Бұл – Президент жүктеген міндеттердің өңірімізде табысты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Ең бастысы – жастардың спортқа қызығушылығы артып, салауатты өмір салты қоғамдық құндылыққа айналып келеді. Бүгінгі велошеру де осы игі істің жалғасы, — деді Нариман Төреғалиев.
Шара соңында облыс әкімі велошеруге қатысушыларға шынайы ризашылығын білдіріп, бірнеше аталым бойынша азаматтарға естелік сыйлықтар тарту етті. Атап айтқанда, ең жас әрі егде қатысушылар, спортты серік еткен белсенді жанұя мен ұжым құрметтелді.

