Сурет: media.az
Бүгін Швейцарияның Женева қаласында БҰҰ-ның жасанды интеллектіні басқару бойынша алғашқы жаһандық диалогы (Global Dialogue on AI Governance) басталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен ұйымдастырылған іс-шара үкіметтерді, бизнес өкілдерін, академиялық орта мен азаматтық қоғамды ХХІ ғасырдың ең ықпалды технологияларының бірін реттеу үшін біріктірді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ашылу салтанатында сөйлеп, негізгі бағытты белгіледі.
Біз адамзат пен машиналар арасында қатар өмір сүру ережесін белгілей алатын соңғы ұрпақпыз, – деді Гутерриш.
Ол жасанды интеллекттің үдемелі қауіптеріне назар аударып, оны реттеу үшін шұғыл жаһандық шаралар қабылдауға шақырды. Гутерриш жасанды интеллект адамзат ілесе алмайтын жылдамдықпен дамып жатқанын, қоғам жоспарсыз және келісімсіз тәжірибеден өтіп жатқанын атап өтті. Ол мұны тұрақсыз және қабылдауға болмайтын жағдай деп бағалады.
Диалогтың ашылуы ғалым Йошуа Бенжио мен Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Мария Ресса төрағалық еткен жасанды интеллект бойынша тәуелсіз халықаралық ғылыми панельдің алғашқы есебінің тұсаукесерімен тұспа-тұс келді. Құжатта технологиялық даму реттеуші механизмдерден айтарлықтай асып түсетіні атап өтілген.
Қазақстан үшін бұл диалогқа қатысу ерекше маңызды, өйткені ел цифрлық күн тәртібі мен ұлттық жасанды интеллект стратегияларын белсенді дамытып жатыр. Саммитке Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Ж.Мәдиева бастаған делегация қатысуда.
Женевадағы іс-шара (6-7 шілде) ақпараттық қоғам жөніндегі дүниежүзілік форуммен (WSIS) бір мезгілде және жасанды интеллект үшін жаһандық саммиттің (7-10 шілде) алдында өтіп, Швейцария қаласын жасанды интеллект бойынша халықаралық пікірталастар орталығына айналдырады. Жексенбі күні таңертең Ж.Мәдиева Халықаралық телекоммуникация одағының бас хатшысы Дорин Богдан Мартинмен кездесті.

