Сурет: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
Қазақстанда Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) Акселерация орталығы (ITU Acceleration Centre) құрылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Женевадағы ХЭО штаб-пәтерінде Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ХЭО Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартинмен кездесті. Келіссөздердің басты нәтижесі – Орталық Азиядағы цифрлық трансформацияның негізгі хабына айналуы тиіс орталықты құру туралы ынтымақтастық келісімімен алмасу болды.
Жаңа алаң цифрлық инновациялар мен жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамытудың драйверіне айналуы тиіс. Орталықтың негізгі міндеттері – кадрлық әлеуетті арттыру, озық GovTech шешімдерін енгізу және өңірдегі цифрлық теңсіздікті еңсеруге жәрдемдесу. Жоба Қазақстанның ішкі нарығына және халықаралық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.
Біз Халықаралық электр байланысы одағымен ынтымақтастығымыздың нақты нәтиже беріп жатқанына қуаныштымыз. Біз бұл орталықты цифрлық инновациялар, ЖИ саласындағы дағдыларды дамыту, әлеуетті арттыру және өңірлік ынтымақтастық үшін маңызды платформа ретінде көреміз, – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Кездесуде Жаслан Мәдиевтің жаңадан құрылған «AI for Good» жаһандық комиссиясының құрылтайшы мүшелері қатарына енгізілгені атап өтілді. Қазақстан бұл органда мемлекет және үкімет басшыларымен, әлемдік технологиялық көшбасшылармен қатар ұсынылған. Қазақстан тарапы мұны елдің ЖИ саласындағы әділ және инклюзивті жаһандық күн тәртібін қалыптастырудағы рөлінің артып келе жатқанына деген сенімнің белгісі деп біледі.
ITU Acceleration Centre-ді құру – Қазақстанның ХЭО-мен тығыз серіктестігінің жалғасы. Бұл бастама еліміздің үздік әлемдік тәжірибелерді ұлттық цифрлық экожүйеге интеграциялауға қабілетті өңірлік көшбасшы мәртебесін растайды. Орталықтың жұмысы Қазақстанға инновациялық технологияларды енгізуге және Орталық Азиядағы серіктестерімен цифрландыру тәжірибесімен бөлісуге, бүкіл өңірдің технологиялық егемендігі мен тұрақты дамуын нығайтуға мүмкіндік береді.

