Сурет: ті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Астана туристік орталық ретінде қарқынды дамып келеді. 2025 жылы елордаға 1,6 миллион турист келген, оның 380 мыңнан астамы шетелдік қонақтар, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Астанаға 352,2 мың турист келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артық. Олардың 67,9 мыңы шетелдік саяхатшылар. Елордаға көбінесе Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ-тан туристер келеді. Сондай-ақ Өзбекстан, БАӘ және басқа елдерден келушілер саны артып келеді.
Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де тұрақты өсуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция 438,3 миллиард теңгені құрап, Қазақстан өңірлері арасында ең жоғары көрсеткіш болды. 2026 жылғы қаңтар-мамыр айларында бұл көрсеткіш 250 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңінен екі есе көп. Қазір елордада жалпы құны 265,7 миллиард теңге болатын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде халықаралық қонақүй желілерін салу, экотуризмді дамыту және заманауи туристік инфрақұрылым құру жобалары бар.
Саланың өсуіне оқиғалы туризм серпін беріп отыр. 2026 жылдың алғашқы үш айында Астанада 300-ден астам іс-шара өткізілген, оның 11-і халықаралық деңгейде. Алда BaiQymyz этно-гастрономиялық фестивалі, Comic Con Astana, «Болашақ ойындары» халықаралық турнирі және Энрике Иглесиастың концерті жоспарланған. Бұл іс-шаралар Қазақстан мен шетелден мыңдаған қонақты тартады.
Астана халықаралық туристік кеңістікте өз орнын нығайтуда. 2026 жылы қала Германия, Қытай және Оңтүстік Кореядағы ірі туристік көрмелерге қатысып, Ресейде роуд-шоу өткізген. Сондай-ақ үш халықаралық туристік ұйымның құрамына енген. Қалада туристік инфрақұрылым жаңартылып, жаңа музейлер ашылуда. Цифрлық сервистер жетілдіріліп, қалалық навигация мен туристерге арналған жағдайлар жақсаруда.

