Сурет: Report
Еуропадағы аптап ыстықтың салдарынан Швейцариядағы мұздықтарда қар әдеттегіден бірнеше апта бұрын еріп кетті. Бұл туралы елдің зерттеушілері хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бақылау жүргізілетін нүктелердің бірінде екі аптаға созылған экстремалды ыстық кезінде мұз қабатының қалыңдығы шамамен 1,5 метрге азайған.
Ғалымдардың айтуынша, маусымдағы аптап кезеңінде Швейцариядағы мұздықтардан еріген судың көлемі соншалық, онымен әр 6 секунд сайын бір олимпиадалық бассейнді толтыруға болатын еді.
Швейцариядағы мұздықтардың жай-күйін бақылау бағдарламасының жетекшісі Маттиас Хусс мұздықтардың белсенді еритін кезеңі тағы шамамен үш айға созылатынын айтты. Оның сөзінше, осы уақыт ішінде жүздеген жыл бойы қалыптасқан мұз қабаттары еріп кетуі мүмкін.
«Мұздықтардың жағдайы жылдың осы кезеңінде өте алаңдатарлық», деп атап өтті ол.
Айта кетейік, аптап ыстық дүниежүзінің көп аумағына әсер етіп жатыр. Нью-Йорк қаласында ауа райының күрт ысуына байланысты асфальт еріп кеткен.

