Сурет: Bild
Италиядағы Жерорта теңізі жағалауында ұзындығы 4,5 метрлік акула табылып, жағажайдағы адамдарды шошытты. Алғашында су астында көлеңке көрініп, кейін өткір тістері ақсиған теңіз жыртқышы су бетіне шыққан, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Акула ешкімге қауіп төндіре алмады, себебі ол өліп қалған еді. Теңіз толқыны оның денесін Тоскана аймағының оңтүстік-батысындағы Фоллоника жағажайына шығарып тастаған. Мамандардың айтуынша, бұл – сирек кездесетін алтыжелбезекті доғалтұмсық акула, әдетте теңіздің терең қабатында тіршілік етеді.
Жағаға жақындаған кезде суға сүңгуге арналған маска таққан бес жасар бала сапборд үстінен еңкейіп, өлі акуланың алып көздерін көрген. Әкесі жергілікті басылымға берген сұхбатында баланың қатты қорқып, жылап жібергенін айтты.
«Алдымен ол акуланың аузын көріп, «әке, судың астында алып балық бар» деді. Қатты шошып, бірден жағаға шыққысы келді», дейді әкесі.
Салмағы 500 келіден асатын акуланы жағалау күзетінің қызметкерлері қайыққа тиеу үшін екі сағаттай уақыт жұмсаған. Кейін оны арнайы техникамен алып кеткен. Теңіз биологтары ұзындығы 4,5 метр болатын ұрғашы акуланы зерттегенімен, өлім себебін анықтай алмады.
«Жануардың денесінде ешқандай жарақат та, шіру белгілері де болған жоқ», дейді зерттеуге қатысқан профессор.
Оқиғаның куәсі болған бала қазір акуланың үлкен көздері мен ақсиған тісін көргенін мақтанышпен айтып жүр.

