Categories Шартарап

Ұлттық домбыра күніне орай елімізде 2000-нан астам іс-шара өтеді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Ұлттық домбыра күніне орай Қазақстанның барлық өңірінде мәдени бағдарлама ұйымдастырылып жатыр. Оның аясында концерттер, фестивальдер, күйші және домбырашылар байқаулары, көрмелер, ғылыми конференциялар, музейлер мен кітапханалардағы арнайы жобалар, шығармашылық кездесулер мен танымдық іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Еліміз бойынша 2000-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде 20-ы республикалық, 98-і облыстық деңгейде ұйымдастырылады. Қалған іс-шаралар аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде, сондай-ақ жергілікті мәдениет ұйымдарында өтеді. Мерекелік іс-шараларға 2 миллионнан астам адам қатысады деп жоспарланып отыр.

Ұлттық домбыра күні жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. 2018 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген бұл мереке ұлттық бірегейлікті нығайтуға, жастардың дәстүрлі өнерге қызығушылығын арттыруға және ұрпақтар сабақтастығын сақтауға бағытталған.

Биылғы мереке жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жаңарған Ата заң халықтың бірлігін бекемдеп, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны ұлықтайтын мемлекеттік дамудың жаңа кезеңіне жол ашты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев домбыраның ұлттық мәдениетті сақтаудағы маңызына тоқталған болатын. Мемлекет басшысы Ұлттық домбыра күні қазақ халқының болмысын айшықтап, жас ұрпақтың ұлттық рухын көтеретін маңызды мереке екенін атап өтті.

«Нағыз қазақ – домбыра», – деп, қасиетті домбыра Қазақстанның әлемге танылатын бірегей брендіне айналуға тиіс екенін айтты.

Мерекелік іс-шаралар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыста өтеді. Кәсіби шығармашылық ұжымдардың, ұлттық аспаптар оркестрлерінің және жас орындаушылардың қатысуымен концерттер, фестивальдер мен бұқаралық мәдени жобалар ұйымдастырылады.

5 шілдеде Астана қаласындағы Амфитеатрда Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтеді. Алматыда мерекелік бағдарламалар бірнеше ашық алаңда өткізіледі. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Арбатта, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында және Орталық саябақта өнер көрсетеді. Ал Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі «Күмбірле, домбыра, Жасай бер, Астана» атты концерттік бағдарламасын ұсынады.

Шымкент қаласында мерекелік концерт «Шым Сити» саябағында өтеді. Биылғы мерекенің халықаралық бағдарламасы да ауқымды. Ұлттық домбыра күні Қытай астанасы Бейжіңде де аталып өтеді. Лянма өзенінің жағалауында Қазақстанның мәдени орталығы ұйымдастыратын Dombra Party іс-шарасында шетелдік көрермендерге қазақтың дәстүрлі өнері таныстырылады.

Республикалық деңгейдегі негізгі іс-шаралар қатарында Түркістан облысында өтетін «Күй құдіреті» күйшілер байқауы, Қызылорда облысындағы III республикалық «Сыр толқыны» күйшілер байқауы, Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Әсемқоңыр» республикалық домбырашылар байқауы және Солтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырылатын V халықаралық «Quzyljar Music Fest» фестивалі бар.

4 шілдеде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен өтетін республикалық #dombrakuni челленджі мерекелік бағдарламаның мазмұнын айшықтай түседі. Челленджге қатысушылар әлеуметтік желілерде ұзақтығы бір минутқа дейінгі домбыра үні, ұлттық өнер мен мерекелік көңіл күйді дәріптейтін бейнероликтерді #dombrakuni хэштегімен жариялай алады.

Ұқсас жазбалар

Астанадағы жаңа туристік нысандар 352 мың туристі тартты

2026 жылдың бірінші тоқсанында Астанаға келген туристер саны 12%-ға өсіп, 352 мыңнан асты. Жаңа туристік…

Мелания Трамптың деректі фильмі миллиондаған доллар табыс әкелді

Мелания Трамптың деректі фильмі кассалық табыс жағынан сәтсіз болса да, лицензиялық құқықтардан 10,71 млн доллар…

Астанада «Болашақ ойындары 2026» турнирінің аккредиттеу орталығы ашылады

8 шілдеде Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде «Болашақ ойындары 2026» турнирінің Аккредиттеу орталығы ашылады.