Сурет: Адиль Нуртазин/Kazinform
2026 жылдың бірінші тоқсанында Астанаға келген туристер саны 12 пайызға артып, 352 мыңнан асты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырып, журналистер елорданың жаңа туристік орындарын аралады. Олардың қатарында Бэнксиге арналған цифрлық көрме, Леонардо да Винчидің сызбалары бойынша жасалған экспозициялар және соңғы жылдары ашылған бірқатар нысан бар.
Lumiere Hall мультимедиялық музейінде «Бэнкси: данышпан ба, әлде вандал ма?» көрмесі өтіп жатыр. Музей өкілі Назерке Орынбасардың айтуынша, көрмеге Испаниядан Бэнксидің түпнұсқа жұмыстары жеткізілген.
Испаниядан ағылшын суретшісі Бэнксидің түпнұсқа жұмыстары жеткізілді. Олардың қатарында банкноттары, ашықхаттары, фильмге арналған постері және түпнұсқа пластырі бар. Көрменің маңызды бөлігі суретшінің 2015 жылы жүзеге асырған ең батыл жобасы — Dismaland саябағына арналған. Бұл Диснейлендке жасалған өткір сатира еді. Онда экология, мигранттар және соғыс тақырыптары көтерілді. Саябақ жабылғаннан кейін оның ағаш конструкциялары бөлшектеліп, Францияның Кале қаласына босқындарға баспана салуға жіберілді. Екінші залда VR-аймақ пен келушіні сол ортаға толық енгізетін ауқымды бейнеинсталляция жұмыс істейді, — деді ол.
Қазақстан темір жолы тарихы музейі 13 маусымнан бері жұмыс істейді. Аумағы 3 200 шаршы метрді құрайтын музей төрт интерактивті залға бөлінген. Мұнда Түрксібтің салыну тарихы, Мұхамеджан Тынышбаевтың еңбегі және қазіргі темір жол технологиясы қамтылған. Музей қорында 250-ден астам бірегей жәдігер бар.
Экскурсия жетекшісі Карина Сапашеваның айтуынша, ең көп адам жиналатын орын — интерактивті зал.
Ең көп адам жиналатын орын — интерактивті зал. Балалар да, ересектер де локомотив кабинасына отырып, пойызды өзі басқарып көргісі келеді. Сол арқылы машинистің жұмысын сезінеді. Бұл келушілерге ерекше әсер қалдырады. Биыл ғана ашылғанымызға қарамастан, шетелдік туристер де жиі келе бастады. Әсіресе Ресейден келетін қонақтардың саны көбейіп отыр, — деді Карина Сапашева.
Бейбітшілік және келісім сарайында «Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Көрме ашылғалы бері оны 50 мыңнан астам адам тамашалаған. Экспозицияда Леонардо да Винчидің түпнұсқа сызбалары негізінде жасалған 40-тан астам өнертабыс үлгісі қойылған. Бұл экспонаттар Рим мен Флоренция музейлерінен әкелінген.
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаевтың айтуынша, өткен жылы туризм саласына 438,3 млрд теңге инвестиция құйылса, 2026 жылдың алғашқы бес айында оның көлемі 250 млрд теңгеге жеткен.

