Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалады: Президент заңға қол қойды

Сурет: istockphoto.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына орай рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды. Бұл заң қоғамға елеулі қауіп төндірмейтін, қоғамдық қауіпсіздікке және мемлекеттің маңызды мүдделеріне зиян келтірмеген құқықбұзушылықтарды жасаған азаматтарға қолданылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz дерегіне сәйкес, алдын ала есеп бойынша, рақымшылық шамамен 16,5 мыңнан астам адамды қамтиды. Олардың қатарында 2 900-ге жуық әйел, оның ішінде жүкті әйелдер мен кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған аналар бар.

Заң сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасалған, сондай-ақ аса қауіпті қайталама қылмыс жасағандарға қолданылмайды. Бұдан бөлек, өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар мен сырттай сотталғандар да рақымшылыққа ілінбейді.

Сонымен қатар тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық енгізіліп отыр. Ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 260-тан астам бабы бойынша салынған айыппұлдарды төлеуден босатуды көздейді.

Тек ішкі істер органдары қарайтын әкімшілік құқықбұзушылықтардың өзіне қатысты жалпы сомасы 17 млрд теңгеден асатын шамамен 1 миллион айыппұл рақымшылыққа ілігеді. Әкімшілік рақымшылық мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады және азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінуін талап етпейді.

Алайда бұл жеңілдік мас күйінде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу, қару мен есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтар, сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтар жасаған адамдарға қолданылмайды.

Құқық қорғау органдары рақымшылықтың бір реттік сипатқа ие екенін атап өтті. Егер рақымшылыққа ілінген адам кейін қайтадан құқық бұзушылық жасаса, ол заң алдында жалпы тәртіппен жауап береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін аталған заң жобасы Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған болатын.

Ұқсас жазбалар

Президент Канада Премьер-министрін ұлттық мерекемен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Канада Премьер-министрі Марк Карниге ұлттық мерекемен құттықтау жеделхатын жолдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше заңға қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше заңға қол қойды, оның ішінде рақымшылық, атқарушылық іс жүргізу және қылмыстық…

Мемлекет басшысы Руанда президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Поль Кагаме мен руандалықтарды Руанда Республикасының ұлттық мейрамы – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.