Сурет: FIFA
Бүгін әлем чемпионатының 1/16 финалында үш тартысты кездесу өтеді. Англия Конго Демократиялық Республикасымен, Бельгия Сенегалмен, ал АҚШ Босния және Герцеговинамен кездеседі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Елорда уақытымен сағат 21:00-де Англия мен Конго Демократиялық Республикасының құрамасы алаңға шығады. Англия L тобында 7 ұпаймен бірінші орын алды. Олар Хорватияны (4:2) және Панаманы (2:0) жеңіп, Ганамен (0:0) тең түсті. Конго К тобында 4 ұпаймен үшінші орын алып, рейтинг бойынша плей-оффқа өтті. Конго Өзбекстанды (3:1) жеңіп, Португалиямен (1:1) тең ойнап, Колумбиядан (0:1) жеңілді.
2 шілдеге қараған түні сағат 01:00-де Бельгия мен Сенегал кездеседі. Бельгия G тобында бес ұпаймен бірінші орын алды. Олар соңғы турда Жаңа Зеландияны 5:1 есебімен жеңсе, Египет (1:1) және Иранмен (0:0) тең түсті. Сенегал I топта үшінші орынмен плей-оффқа шықты. Африкалық команда Иракты 5:0 есебімен жеңгенімен, Франция (3:1) мен Норвегиядан (3:2) жеңіліс тапты.
Тағы бір плей-офф кездесуінде АҚШ құрамасы Босния және Герцеговинаға қарсы ойнайды. Ойын сағат 05:00-де басталады. АҚШ D тобында Парагвай мен Австралияны жеңіп, мерзімінен бұрын бірінші орынмен плей-оффқа жолдама алды. Соңғы турда Түркияға қарсы матчта бас бапкер Маурисио Почеттино негізгі ойыншыларға демалыс беріп, құрамға өзгерістер енгізді. Босния және Герцеговина В тобында үшінші орын алып, плей-офф кезеңіне шықты. Сергей Барбарез жаттықтыратын команда Канадамен 1:1 есебімен тең түсіп, Швейцариядан 4:1 есебімен жеңілді. Алайда шешуші кездесуде Катарды 3:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Әлем чемпионатының матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Сондай-ақ ойындар qazaqstan.tv, qazsporttv.kz ресми сайттарында, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасында және «Birge.tv» платформасында онлайн форматта қолжетімді.

