Сурет: ktf.kz
Қазақстандық теннисші Александр Шевченко Уимблдон турнирінің алғашқы айналымында әлемнің төртінші ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссиммен кездеседі. Ол Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында турнирге дайындығы мен алдағы матчтағы мүмкіндіктері туралы айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Спортшы денсаулығына байланысты шөп үстіндегі маусымға толыққанды дайындала алмағанын айтты. Ол тізесіндегі ескі жарақат қайта қозғанын, сондықтан қалыпты дайындық жүргізу қиын болғанын жеткізді.
— Шынын айтсам, дайындалуға уақыт аса көп болмады. Себебі денсаулығым сыр беріп, тіземдегі ескі жарақат қайта қозды. Сондықтан қалыпты дайындық жүргізу өте қиын болды. Шөп төсенішінде тек дүйсенбі күні ғана жаттыға бастадым. Майоркадағы турнирде бір ғана матч өткіздім, оның өзіне ойынға бір күн қалғанда ғана бардым. Соңғы күндері жаман ойнап жүрген жоқпын, бабымдамын. Қарсылас өте мықты, сондықтан бәрін матч көрсетеді, — деді қазақстандық теннисші.
Шевченко қазір өзін әлдеқайда жақсы сезінетінін, бірақ тізесіндегі мәселе созылмалы сипатқа ие екенін атап өтті. Ол әр үш ай сайын тізесіне екпе салдыруға мәжбүр екенін айтты.
Қарсыласының мықты тұстарына тоқталған спортшы канадалық теннисшінің ең қауіпті қаруы — қуатты добы және оң қолмен жасайтын соққысы екенін атады. Ол бэкхендтің оның ең күшті тұсы емес екенін айтты.
Алдағы ойынға арналған тактикасы жайлы Шевченко матч барысында түрлі амалдарды қолдануға ниетті екенін жеткізді. Ол қарсыласын бэкхенд арқылы қыспаққа алуға тырысатынын, қабылдау кезінде түрлі комбинациялар дайындайтынын айтты.
Теннисші қарсыласының жоғары рейтингі психологиялық қысым тудыра ма деген сауалға жауап берді. Оның айтуынша, бұл кездесуде жауапкершілік көбірек канадалық спортшыға жүктеледі.
— Жоғалтатын дүние оған көбірек. Өйткені ол — әлемнің төртінші ракеткасы. Сондықтан қысым да көбірек соған түседі. Ал мен өзімді әлдеқайда еркін сезінемін, — деп түйіндеді Александр Шевченко.
Айта кетейік, Феликс Оже-Альяссим әлемнің ең мықты теннисшілерінің бірі саналғанымен, әзірге «Үлкен дулыға» турнирлерінің ешқайсысында чемпион атанған жоқ. Дегенмен ол Канаданың ерлер арасындағы жекелей сында «Үлкен дулыға» жеңімпазы атанған алғашқы теннисшісі болуға басты үміткерлердің бірі болып есептеледі.

