Сурет: Агибай Аяпбергенов / Kazinform
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
18 маусымда қол қойылған бұйрық азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғауға және оларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Енді қосымша ақылы байланыс және интернет қызметтері абоненттің екі рет келісімімен ғана қосылады. Оны жеке кабинет, SMS, қоңырау немесе USSD-сұраныс арқылы растауға болады.
Операторларға жіберіп алынған қоңыраулар туралы хабарлау үшін қысқа «маяк» қоңырауларын пайдалануға толық тыйым салынады. Бұрын бұл қызметті өшіру мүмкін болғанымен, ол екі абонент те опцияны өшіргенде ғана жұмыс істейтін. Енді бұл техникалық қайшылық жойылып, «маяктардың» орнына SMS-хабарлама форматы енгізіледі, — делінген министрлік хабарламасында.
Пайдаланушылар операторлардың кез келген жарнамалық және ақпараттық таратылымдарынан оңай бас тарта алады.
14 жасқа толмаған балаларға нөмірлерді тіркеу кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді: енді бұл процедураны тек заңды өкілдері биометриялық сәйкестендіру арқылы жүргізеді, әрі бір кәмелетке толмаған балаға тек бір нөмір ғана рәсімделеді, — делінген хабарламада.
Жаңа нормалар 28 маусымнан бастап күшіне енеді. Бұл өзгерістер министрліктің тұтынушылардың құқықтарын қорғау және цифрлық сервистердің сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмысының бөлігі болып табылады.

