Сурет: Ашық дереккөз
Қазақстанда әлеуметтік желілердегі жалған психологтардың қызметін түпкілікті шектейтін «Психологиялық қызмет туралы» жаңа авторлық заң Сенаттан сәтті өтіп, Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Депутат Асхат Аймағамбетовтың мәлімдеуінше, бұған дейін жалған психологтар мыңдаған адам мен отбасының тағдырына балта шапқан. Сала заңмен реттелмегендіктен, олар ешқандай жауапкершілікке тартылмайтын. Енді бұл өзгереді.
«Енді арнайы жоғары білімі (дипломы) жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмеген адамдарға өзін «психолог» деп атауға заңмен тыйым салынады. Кез келген азамат маманның реестрде бар-жоғын оңай тексере алады. Реестрде жоқтардың қызмет көрсетуге құқығы болмайды», — деді депутат.
«Психо» атауын жамылып алдауға жол берілмейді. Дипломы жоқ «мамандар» мен «тренерлер» өз жарнамасында «психолог» сөзін, сондай-ақ одан туындайтын кез келген атауларды (мысалы, «психо-коуч», «психо-кеңесші») қолдана алмайды. 2 апталық курсты бітіргендердің дәурені бітті.
Депутаттың айтуынша, онлайн-жарнама да бақылауға алынады. Психологтар әлеуметтік желіде өздерінің реестрдегі нөмірі мен білімін ашық көрсетуге міндеттеледі. «Проблеманы 1 күнде шешемін» немесе «нәтижеге 100 пайыз кепілдік беремін» деп жалған уәде беріп, халықты алдағандар жауапқа тартылады.
Асхат Аймағамбетов терең мәселелермен (депрессия, психологиялық жарақаттар, мазасыздық) және жалпы психологиялық көмек көрсетумен енді тек кәсіби, дипломы бар мамандар ғана айналысатынын атап өтті.
«Психолог пен психиатрдың аражігі ажыратылады. Психолог – дәрігер емес. Оған медициналық диагноз қоюға, дәрі-дәрмек жазуға немесе адам санасына әсер ететін психоактивті әдістерді қолдануға қатаң тыйым салынады. Егер пациентте ауыр психикалық ауытқу белгілері болса, психолог оны бірден дәрігер-психиатрға бағыттауға міндетті», — деді депутат.
Ол сондай-ақ кәсіби құпия заңмен қорғалатынын айтты. Психологқа айтылған құпия мен жеке өмір пациенттің жазбаша келісімінсіз еш жерде жарияланбайды. Рұқсатсыз видеоға немесе аудиоға түсіруге де қатаң тыйым салынады.
Мемлекет адамның психикалық саулығы – тұрмыстық қызмет емес, өте жауапты іс екенін заңмен бекітті. Мемлекет басшысы тарапынан осы маңызды саланы реттеу бойынша тапсырмалар берілді, бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.
«Біз мәселе көтерсек, оны заңдағы нақты нормалар арқылы шешеміз. Міндетіміз – көмек іздеген әр отандасымызға қауіпсіз, сауатты әрі кәсіби жүйені ұсыну», — деп түйіндеді депутат Асхат Аймағамбетов.

