Сурет: gov.kz
Мемлекет басшысы цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша заңға қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жол жүрісі саласындағы өзгерістер қауіпсіздікті арттыруға, жүргізушілерді даярлаудың сапалы жүйесін қалыптастыруға және мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған. Осы мақсатта ІІМ-ге жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарына рұқсат беру және олардың қызметін бақылау өкілеттігі беріледі.
Жыл сайын 140 мыңнан астам азамат алғаш рет жүргізуші куәлігін алады. Қазіргі уақытта 819 оқу ұйымы жүргізушілерді даярлаумен айналысады. Сонымен қатар, электр самокаттарының тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады, себебі олар жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
2025 жылы электр самокаттары жүргізушілерінің кінәсінен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 149 адам жарақат алған. Түзетулермен «Жол жүрісі туралы» Заңнан елдімекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлікті тұраққа қоюға тыйым салу нормасы алынып тасталады, автоматты түрде құқық бұзушылықтарды тіркейтін камераларды қолдану аясы кеңейтіледі, электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері енгізіледі.

