Сурет: Ашық дереккөз
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та хабар-ошарсыз кеткен 24 жастағы азамат Әсет Құралбайдың қаза тапқанын ресми түрде растады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Америка Құрама Штаттарының құзырлы органдары бұрын табылған мәйіттің кімге тиесілі екенін анықтады. Ведомство марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтты.
Қазіргі уақытта отандық дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен және марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста. Сыртқы істер министрлігі Әсеттің отбасына қажетті консулдық көмек көрсетіліп жатқанын, соның ішінде құжаттарды рәсімдеу және оның мәйітін Қазақстанға жеткізу жұмыстары ұйымдастырылып жатқанын хабарлады.
24 жастағы Әсет Құралбай Иллинойс штатының Форд-Хайтс елді мекенінде тұрған. Ол соңғы рет 2 маусымда байланысқа шығып, 7 маусымнан бастап телефоны өшірілген. Оның үйінде құжаттары мен банк карталары қалған. 10 маусымда полиция жас жігіттің автокөлігін тапты. Кейін құқық қорғау органдары оның мәйітін анықтады.

