Categories Әлем

АҚШ-та қартаюға қарсы гендік терапия алғаш рет адамға сыналды

Сурет: istockphoto.com

Америкалық Life Biosciences компаниясы жасушалардың қартаюын баяулатып, қызметін қалпына келтіруге бағытталған гендік терапияны алғаш рет адамға сынады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

ER-100 деп аталатын терапия көздің көру жүйкесіне әсер ететін ауыр ауруларды емдеуге арналған. Ол ашық бұрышты глаукома және көру жүйкесінің нейропатиясы сияқты дерттерден зардап шегетін науқастарға қолданылады. Бұл аурулар уақыт өте келе көру қабілетінің нашарлауына немесе толық жоғалуына әкелуі мүмкін.

Ғалымдардың түсіндіруінше, адам қартайған сайын ДНҚ өзгермейді, бірақ гендердің жұмысын басқаратын жүйелер бұзылады. Соның салдарынан жасушалар өз қызметін бұрынғыдай тиімді атқара алмайды.

Жаңа технологияның мақсаты – жасушалардың жұмысын қайта жандандыру. Ол үшін Oct4, Sox2 және Klf4 деп аталатын арнайы ақуыздар пайдаланылады. Зерттеушілер бұл әдіс жасушалардың қартаю белгілерін азайтып, зақымданған тіндердің қалпына келуіне көмектесуі мүмкін деп есептейді.

Терапия бұған дейін зертханалық жануарлар мен приматтарда сынақтан өткен. Енді адам қатысатын алғашқы клиникалық зерттеу басталып, алғашқы пациент ем қабылдады. Қазіргі кезеңде ғалымдар ең алдымен әдістің қауіпсіздігін тексермек.

Компания өкілдерінің айтуынша, егер сынақтар сәтті өтсе, болашақта бұл технологияны тек көз ауруларын ғана емес, бауыр мен басқа да ағзалардың жасқа байланысты ауруларын емдеуге қолдануға болады.

Ұқсас жазбалар

Конгода Эбола вирусынан қайтыс болғандар саны 127-ге жетті

Конго Демократиялық Республикасында Эбола қызбасының 635 расталған жағдайы тіркеліп, 127 адам қайтыс болды.

Қытайдағы жарылыстан 7 адам қаза тауып, 17 адам жараланды

Қытайдың Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында болған жарылыстан 7 адам қаза тауып, 17 адам жараланды.

Астанада Қытай мен Орталық Азия жастарын біріктірген E-LIGHT 2026 фестивалі өтті

Астанада E-LIGHT 2026 халықаралық жастар форум-фестивалі өтті. Іс-шара Халықаралық диалог күніне орай ұйымдастырылып, Энергетикалық Жібек…