Сурет: ҚР Парламенті Мәжілісі
Respublica партиясы ым-ишара тілінің мәртебесін заң жүзінде бекітуді және оны ақпарат алмасудың негізгі құралы ретінде тануды ұсынды. Тиісті түзетулер Сенаттың қарауына жіберілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың айтуынша, заңнамада ым-ишара ұғымының болмауы есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтардың қоғамдық өмірге толық араласуына кедергі келтіреді. Қазіргі уақытта елімізде мұндай азаматтардың саны 30 мыңнан асады, ал отбасы мүшелерін қосқанда бұл мәселе 100 мыңнан астам адамға әсер етеді.
«Соған қарамастан, ым-ишара тілі заңнамада толыққанды дербес ұғым ретінде де, ақпарат пен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің толық тетігі ретінде де мойындалмаған. Біз Әлеуметтік кодекске «ым тілі» ұғымын ресми түрде енгізуді және оны есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін негізгі қарым-қатынас құралы ретінде тануды көздейтін түзетулерді ұсындық. Бұл – аз уақытта қол жеткізілген үлкен нәтиже және саңырау азаматтардың құқықтарын қорғау мен олардың қоғамға толыққанды араласуына бағытталған маңызды қадам», – деді Е. Смолякова Мәжілісте өткен фракция отырысында.
Отырыста есту қабілеті бұзылған балалар мен жастардың білімге қолжетімділігі мәселесі көтерілді. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларда мұндай 4 576 бала тіркелген. Депутаттың айтуынша, кейбір мектептерде, мысалы №65 мектепте, балаларға ым тілін қолдануға тыйым салынып, тек дактильді қарым-қатынас талап етіледі. Бұл олардың сұрақ қоюына, тапсырмаларға жауап беруіне және ақпаратты толық қабылдауына кедергі келтіреді.
Жоғары білімнің қолжетімділігі де алаңдатады. 2025 жылы жоғары оқу орындарында есту қабілеті бұзылған 180 адам ғана білім алған, бұл өте төмен көрсеткіш. Сурдоаударма саласында кадр тапшылығы байқалады: колледждерде сертификаты бар 24 білікті сурдоаудармашы жұмыс істейді, бірақ бұл барлық өңірдің қажеттілігін өтей алмайды.
Құқық қорғау жүйесінде де мәселелер бар. Депутат Ішкі істер министрлігіне сауал жолдап, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерінің жеткіліксіздігін атап өтті. Сондай-ақ III топтағы мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік тұрғын үй алу мүмкіндігінен қағылып жатады.
Медициналық және әлеуметтік қолдау мәселелері де сөз болды. Кохлеарлық имплант орнатылған азаматтардың есту қабілеті толық қалпына келмесе де, олар кейбір қолдау шараларынан айырылып қалуы мүмкін. Депутат жұмыспен қамту мәселесіне де тоқталып, түлектердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына кедергілер бар екенін айтты.

